Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 23:51

Шымкентте ұмытыла бастаған «Мизам» мерекесі тойланды

Кеше Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қазақ халқының «Мизам» ұлттық мерекесін атап өтті. Аталған іс-шара барысында қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен ұмытыла бастаған мерекенің мән-маңызы насихатталып, дәстүрге сай тағамдарды қысқа дайындаудың әдіс-тәсілдері көрсетілді.

Сондай-ақ, іс-шараның ашылуында сөз алған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов көпшілікті ерекше мерекемен құттықтап, игі дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді және мәдени бірлестіктің төрайымы Гаухар Төлепова мерекенің ерекшелігіне тоқталып, рухани жаңғыруға бастайтын игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді. ««Мизам» – мал семіріп, егін орылып, қысқа азық толық жиналып, берекеге кенелетін сәтте аталып өтетін мереке.

Ертеде бұл мереке қыркүйек айының соңғы күндерінен басталып, қазан айының ортасына дейінгі шуақты күндерде тойланатын болған. Әрі, күздегі күн мен түннің теңелетін сәті де ескерілген. Жалпы, халқымыздың әр мерекесі ерекше мәнге ие. Оны бүгінгі жастар біліп, жалғастырғаны жөн», - дейді Гаухар Төлепова. Сонымен қатар, мерекелік жиында қарынға май салып, ет сүрлеген ақ жаулықты аналар көне дәстүр бойынша тағамдарды қысқа дайындаудың жолдарын көпшілікке таныстырса, қолөнершілер шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 631 рет