Дүйсенбі, 28 Қазан 2019 17:36

Шымкентте «Ұлы даланың ұрпақтары» атты жас әншілер байқауы өтті

Әйгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл. Осыған орай Шымкентте «Ұлы даланың ұрпақтары» атты дәстүрлі жас әншілер байқауы ұйымдастырылды. Шымкент қалалық №3 балалар эстетикалық саз мектебінің оқушылары ұлы сазгердің әндерін дәріптеп, ұлттық мәдениетімізді насихаттады.

Аталмыш байқау Президент жолдауы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Ән жарысы екі кезеңнен тұрды. І кезеңде ақынның  әндері домбыра, аккордеон аспаптарының сүйемелдеуімен орындалса , келесі кезеңде – үміткерлердің өз таңдауы бойынша қазақ композиторларының әндері айтылды. Байқауға 7 мен 14 жас аралығындағы 15 үміткелер қатысты.

Қазіргі таңда №3 балалар эстетикалық саз мектебі жасөспірімдердің туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, өнерін биікке самғатуда аянбай еңбек ететін, ата-аналар қауымының алғысына бөленіп жүрген оқу орны. Олай деуіміздің себебі: мектеп мұғалімдері дарынды талант иелерін дайындауда көш бастап тұр. Тынымсыз еңбектерінің жемісін көріп  «Нұр-Сұлтан» және  Алматы қалаларында өткен Халықаралық байқауларға қатысып  12 оқушысы – Гран при жүлдесін қанжығаларына басып, қалған 32 өнерпаз лауреат атағын иемденіп қайтты.

Бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес құнды дүние ол біздің тарихымыз бен  мәдениетіміз. Аталмыш білім ұясында ұлттық құндылықтарымызды сақтауға зор мән берілген. Мектептің «Ұлт сазы» оркестрі 16 аспаппен күй шертіп, ән сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Кенен Әзірбаевтың100-ден астам әндері, өлең-жырлары мен дастандары ұлт қазынасының қорына алынған. Саз мектебінің өнерлі жастары да композиторға деген ерекше ілтипатпен бүгінгі байқауды қорытындылады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 684 рет