Сенбі, 09 Қараша 2019 18:04

Түркістан облысы: «Мырзашөл жұлдыздары» байқауының іріктеу кезеңі басталды

Түркістан облысының аудан, қалаларынан келген өнерпаздардың қатысуымен 2018 жылдан бастап қайта қолға алынған облыстық «Мырзашөл жұлдыздары» байқауының іріктеу кезеңі басталды. Түркістан облысы, Жетісай ауданында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісай қаласының 50 жылдық мерей тойына орай «Мырзашөл жұлдыздары» жас әншілердің облыстық байқауының іріктеу кезеңі басталды.

Облыстағы жас таланттарға қанат бітіріп, олардың елге танылуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев арнайы қатысты. «Бүгін Жетісай аспаны ән мен күйдің күмбірлі мекеніне айналғалы отыр. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, Мырзашөл өңірі -талай талантты өнерпаздар туып-өскен киелі мекен! Сондықтан, бүгінгі ән фестивалінде ел ішінде таналмай жүрген таланттардың томағасы сыпырылып, дүбірлі топқа қосылады, тұсауы кесіледі деген ойдамыз», - деді аудан әкімі. 1993 жылы бастау алған байқау ел ішінде танылмай жүрген көптеген таланттарды жарыққа шығарды. Алғашқы байқаудың өзінде-ақ бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы ерекше әуезді үнімен елді таңдай қақтырған болса, кейінгі жылдары Орынкүл Қалыбекова,Хадиша Шалабаева сынды бүгінгі қазақ эстрадасының жұлдыздары бас жүлдені қанжығасына байлады.

Осылайша әр жылдары түрлі таланттарды елге танытқан байқау 1995 жылдан бастап 20 жылдан астам уақыт бойы белгісіз себептермен өтпей, тоқтап қалған болатын.Былтырғы жылдан бастап аудан әкімінің бастамасымен қайта жанданған өнер додасына биылғы байқауға Түркістан облысынан 15 өнерпаз қатысуда. Жеңімпаздарға түрлі қаржылай жүлделер мен бағалы сыйлықтар қарастырылып отыр. Таң азанымен бастау алған іріктеу кезеңінен өткендер кешкісін «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда гала-концерт өткізіп, марапатталатын болады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 579 рет