Ең алдымен Атакент кентінің "Достық" мәдениет үйінде Мақтаарал ауданының тарихы туралы көрме қойылып, аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған қонақтар өткеннің естеліктерімен танысты. 90 жылдан аса тарихы бар ауданның өткені мен бүгіні фото суреттер арқылы берілген көрмеде "Мақтааралым - мақтанышым", "Өскен өңірдің тарихы", "Аудан тарихы – мұрағатта", "Ұлы даланың ұлы есімдері", "Ұлы даланың ұлы перзенті", "Өңіріміздің Социалистік еңбек ерлері" атты стендтер қойылған. Көрме көптің көңілінен шығып, қонақтар сахна залына аялдады.
Мерекелік кешті салтанатты түрде ашып берген аудан әкімі Б.Асанов Социалистік еңбек ері Н.Есентаевтың өмір баянына қысқаша тоқталып, оның өңірге және мақта саласында жасаған ерен еңбектерін атап өтті.
"Н.Есентаев Мақтааралдың "Дзержинский" атындағы бөлімшені басқарған кезде халықтың тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды: саялы бақ, асфальт жолдар, көркем мәдени орталықтар, мектеп, клуб, кітапханалар, балабақша, емхана, аурухана, монша салынды. Бөлімшеге табиғи газ желісін әкелуде Н.Есентаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. Кезінде Н.С.Хрущевтың: "Ауыл шаруашылығы білім ордалары - ауылға жақын орналассын" деген сөзінен кейін Н.Есентаев бөлімшенің есебінен 2 миллион сомға жуық қаржы бөлдіріп, 500 студентке лайықтап екі этажды 3 жатақхана, оқу корпусының құрылысын асханасымен бірге небәрі бір жарым жылда аяқтап, Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылық техникумын мақталы өңірге көшіріп алып келді. Бүгінгі күнде үлкен ғылыми зерттеу институтына айналған мақтаның жаңа сорттарын зерттейтін станция да осы бөлімшеде ашылып, іске қосылды. "Жаңбырлату" тәсілімен мақта суару, екі ярусты соқа және Румынияда жасалған мақта егетін сеялкаларды қолдану, 60 см орнына жүйек арасын 90 см-ге жеткізу секілді мақта шаруашылығыңдағы жаңалықтар да Есентаевтың басшылығындағы бөлімшеден бастау алды" - деді Бақыт Насырханұлы.
Салтанатты жиында ауданға белгілі бірнеше азаматтар сөзге шығып, Есентаевтың ерліктерін еске алысты. Сондай-ақ Атакент кентіндегі "Алтын шаңырақ" мейрамханасында еңбек ерінің рухына арналып ас берілді.
Айта кетейік, Нұрмұхамед Есентаев 1909 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында өмірге келген. 1929 жылы мектепті бітірген соң Зайсандағы Ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті.
1938 жылы Оңтүстік Қазақстанда жаңадан құрылып жатқан "Мақтаарал" совхозының Дзержинский атындағы бөлімшесінде "аға агроном" болып еңбек жолын жалғастырған. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1945 жылдан бастап өмірінің соңына дейін үзіліссіз аталмыш бөлімшенің басқарушысы қызметін атқарды.
1957 жьлы КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен Н. Есентаевқа "Социалистік Еңбек Ері" атағы берілді, сонымен қатар 1945 жылы 19 қарашада "Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі үшін" медалімен, 1948, 1957 жьлдары "Ленин" Ордендерімен, 1966 жьшы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, 1957-58 жылдары Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) Үлкен алтын, Кіші алтын, Кіші күміс медальдарымен үш рет марапатталған.
Н.Есентаев Отанымыздағы мақта шаруашылығының ірі гиганты болып есептелген "Мақтаарал" совхозының іргетасын құрушылардың бірі еді. Өз елінің адал ұлы болған ол өзінің барлық саналы өмірін мақта шаруашылығын аяққа тұрғызу, өркендетуге жұмсады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.