Жексенбі, 10 Қараша 2019 18:09

Түркістан: Гауһар ана кесенесі мен Сауран қалашығында Сапар орталығы салынатын болады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан облысының мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөнінде министрлік тарапынан қолға алынған шаралар туралы баяндаған Ақтоты Рахметоллақызы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, бұқаралық спортты дамыту, туризм саласын жандандыру, шетелден келетін туристердің Қазақстанға визасыз кіру мәселелерін де айтып өтті.

-"Мәдениет саласына тікелей қатысы бар адам ретінде, жалақыны арттыру мәселесінің шешілуін қаншалықты күткенімізді түсінемін. Бұдан басқа, әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі пысықталуда. Мәдениет және спорт министрлігі меморандумдар әзірлеп, әкімдіктерге жіберді, оларды орындау үшін әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтитын салалық жоспарлар бекітілетін болады" - деді министр. Сондай-ақ, еліміздегі туризмді одан әрі дамыту үшін Түркістан облысында қолға алынған жобалар жайлы да сөз болды.

-"Болашақ туристік аймақ болатын тағы да бір облыс – ол Түркістан облысы, бұл түркі халықтарының тарихи және рухани орталығы. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша ортағасырлық Түркістан қалашығын қалпына келтіру жөнінде белсенді түрде жұмыстары жалғасуда. Қайта құру нәтижесінде келушілер мен туристер саны бірнеше ондаған миллионға дейін артады, ал олардың келу уақыты бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін артады деп күтілуде, бұл облыс экономикасына қомақты қаржы құюды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «Отырар» қалашығын ірі туристік жоба ретінде қалпына келтіру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Сонымен қоса, жыл соңына дейін «Отырар» визит-орталығы ашылады. Ал келесі жылы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Гауһар ана кесенесі мен ортағасырлық Сауран қалашығында Сапар орталығы бой көтереді",- деді Ақтоты Рахметоллақызы. Жиынға қатысқан мәдениет саласы қызметкерлері де ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 621 рет