Жексенбі, 10 Қараша 2019 20:42

Түркістан облысы: Жетісай қаласына – 50 жыл!

Жетісай – ел шетінің айбары мен берекенің қайнары болған аймақ. Бүгінде Мырзашөлдің жүрегіне айналған бұл қалаға 50 жыл толып отыр. Қала жұртшылығы жарты ғасырлық мерейтоймен қатар «Алтын күз» мерекесін де дүркірете тойлайды. Сондай-ақ, бұл күні талай- талай таланттың бағын ашқан «Мырзашөл жұлдыздары» атты ән байқауы да болып өтті.

Жетісай қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Мырзашөлдің жүрегі атанып, жыл   санап көркіне көрік қосып келе жатқан қалаға  50 жыл толып отыр.  Қала жұртшылығы осы мерекені дүркірете тойлады.Мерейтой барысында  қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар «Жетісай қаласының 50 жылдығы» мерекелік төс белгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматтарға арнайы дипломдар табыс етілді. 

Мереке аясында   ауыл шаруашылық өнімдерінің «Алтын күз» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара барысында сөз алған  аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев  облыс  әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтаған жеделхатын оқып, үздіктерді марапаттады. Жетісай қаласының 50 жылдық мерейтойы кешкілік орталық стадионда ұйымдастырылған «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас орындаушылардың ән байқауына ұласты. Жиырма жылға жуық уақыт тоқтап қалған  байқау өткен жылы қайта бастау алған болатын. Ән байқауы  араға жыл салып өткізілсе де, оған деген халықтың ықыласы ерекеше болды. Ендігі жерде бұл байқау  әрбір екі жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Мерекеге жиылған жұрт  мұндай жағымды жаңалыққа шаттанып тарасты.

 «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 780 рет