Дүйсенбі, 18 Қараша 2019 05:51

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архиві Мақтаарал ауданында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты көрме ұйымдастырды

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің басшысы Гүлнәр Шардарбекова және бірнеше мұрағатшы Мақтаарал ауданына іссапарлап қайтты. Іссапар барысында Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, агротехник Нұрмұхамед Есентаевтың 110 жылдық мерейтойына орай салтанатты іс-шарасы өтті. 

Н.Есентаев 1909 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Мақтаарал ауданының гүлденуіне қажымас күші мен еңбегін сіңірген, 1956 жылы Дзержинский совхозында мақта өсірудегі инновациялық әдістердің арқасында 900 гектар алқаптан 40 тонна мақта жинады, 1957 жылы мақта өсірудегі жоғары көрсеткіштері үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Мақталы өңірді «ақ алтын» астанасына айналдырған өз заманының өте жоғары білікті агроном басшы болғандығы туралы және басқа да жақсылық шарапатын айтып сағынышпен еске алды. Іс-шараға аудан әкімі мен Н.Есентаевтың ұрпақтары, ағайындары мен әріптес ел ағалары қатысты.

Сонымен қатар іс-шарадан бөлек Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің мұрындық болуымен және Жетісай өңірлік архивімен бірлесіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты көрме өтті. Көрмеде ауданның дамуына үлкен үлес қосқан еңбек ардагерлерінің жеке құжаттары мен фотоқұжаттары және Мақтаарал ауданының тарихы таныстырылды. Көрмені тамашалаған көрермен қауым үлкен қызығушылық танытты, әсіресе, аудан басшылығы оң бағасын беріп, өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі ретінде жиі ұымдастырылу керектігін айтты. Өз кезегінде жоғары деңгейде өткен іс-шараға атсалысқан «Жетісай өңірлік архиві» басшысы Мейрамбек Ергешұлы Қожаев және оның ұжымына алғыс білдірген артық болмас. Ел үшін, жер үшін маңдай терін төккен ерлердің есімдері ұмыт қалмауы, ер есімін ел есінде сақтап, ұлықтап жүру – мұрағатшылардың қастерлі парызы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1133 рет