Сейсенбі, 19 Қараша 2019 20:26

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында өнер фестивалі өтті

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Үміт — адамның бағы, үміт – жүректің тағы» - дегеніндей, арманын аялап, үмітін саялап жүрген тағдырлы жандарға рухани қолдау көрсету — қоғамдағы барша адамның қасиетті парызы. Бүгін осы орайда аудандық мәдениет үйінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімінің ұйытқы болуымен «Үміт керуені» атты өнер фестивалі өтті.

Үмітсіз – өмір тұл, жер бетінде барша адам – үмітіне құл. Ал тағдыр сынағын кешіп жүрген жандар үшін үміттің құны алтыннан қымбат. Ертеңгі күнге үмітті жандардың үмітін үкілеуге бағытталған бүгінгі өнер фестивалі «Өмір-өлең», «Ән-ғұмыр», «Мың бұрала би билеп» және «Қолөнер» аты төрт бөліктен тұрды. Фестивальге арнайы қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы Е.Қаратаев: «Тағдырдың ауыр тәлкегін басынан өткеріп жүрген, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан сол ұғымды санасынан өшіріп, алдыға қойған мақсаттарына нық қадам басып жүрген Сіздер әр қашанда біздің мақтанышымызсыздар» - деп, фестивальге қатысушыларға құттықтауын жеткізіп, алғыс хат және естелік сыйлықтармен өнерлі жастарды марапаттады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 706 рет