Жұма, 15 Қараша 2019 21:56

Түркістан облысы: Созақ ауданында «Таңбалы тас» қайта жаңғыртылды

2008 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне, 2017 жылы ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫНА енген тарихи құнды жәдігер, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген «Таңбалы тас» тарихи ескерткішінің ашылу рәсімі болды. 

Бетбақдала төсіндегі ескерткіш «Аппақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен қайта жаңғыртылған болатын. Тағылымы мол шараға өскелең ұрпаққа Отан тарихын насихаттау мақсатын көздеген жас ұстаздар мен өлке тарихын тануға құмар белсенді жастар арнайы қатысты.

Ашылу рәсімінде Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов сөз алып, «Таңбалы тас» ескерткішінің Қазақ тарихында алатын орнына айрықша тоқталды. «Түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоны-көк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, қазақ үшін Таңбалы тас та сондай құнды. Біздің елдік тарихымыздың белгісі – Таңбалы тас» деп сөз қорытты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген «Аппақ» ЖШС Бас директоры Александр Авдеев пен серіктестік ұжымына алғыс білдірді. Созақ ауданының Құрметті азаматы Созақбай Әбдіқұлов, «Аппақ» ЖШС Бас директоры Александр Авдеев, Созақ ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов Қазақ тарихының шоқтығы биік ескерткіші «Таңбалы тас» жайында, оның құндылығы жөнінде сөз қозғады.

Ашылу рәсімі «Аппақ» ЖШС-індегі іс-шараға ұласты. Тарихшы Сүлеймен Тәбірізұлы тарихтың түпқазығы «Таңбалы тас» туралы ғалымдардың деректерін келтіре отырып кеңінен әңгімелеп берді. Таңбалы тас жайын ертеден зерттеп келе жатқан тарихшы «Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи даму барысында көптеген әдет-ғұрпы, тілі, діні бір туыстас ру-тайпалардан құралып, халық болғандығы байқалады. Қасиетті «Таңбалы тас» - бабаларымыздың сан ғасырлық ұлтты қалыптастыру жолындағы қажымай-талмай күрескен ерлік ісінің жемісі» - деді.
«Аппақ» ЖШС ұжымы қариялардың иықтарына шапан жауып, қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті. Бабалар рухына тағзым етіліп, ас берілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 751 рет