Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 15:54

Түркістан облысы: Бәйдібек аудандық мәслихатының 25 жылдығына орай көшет отырғызылды

Бәйдібек ауданындағы Екпінді елді мекені - тұрмысы жайлы, ажары мен сәулеті келіскен өңірдің бірі. Бабалар кесенесі, мәдениет ошағы, ауылға кіргеннен тас төселген тақтайдай тегіс көшелер. Осының барлығы – Шаяннан түлеп ұшқан азаматтардың туған жерін түлетуге қосқан үлестері. Кезекті тағы бір игі бастаманың бірі – елді мекенге енген бойда көзге түсетін Қарабатыр бабамыздың кесенесін көгалдандыру болды. 

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы ұстанып, туған жерін ардақтаған аудан азаматтары кесене айналасына көшеттер отырғызды. Игі бастама аудандық мәслихаттың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Әрбір көшет ауданның «Құрметті азаматтары» мен ауданды басқарған басшылардың және зиялы қауым өкілдерінің есімдері жазылған тақтайшалармен белгіленді. Сондай-ақ ата-баба әруағына құран бағышталып, ауыл тұрғындарына ас берілді. Шара соңында ауданның көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға «Мәслихатқа – 25 жыл!» төсбелгісі табысталды. 

«Бүгін, міне, Қарабатыр кесенесінің айналасына көшеттер отырғызылып жатыр. Бұл бір үлгі-өнеге алар ғибратты іс болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір көрінісі болды деп ойлаймын» - дейді Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Райымбек Жолдас.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 621 рет