Жұма, 06 Желтоқсан 2019 16:32

Түркістан: «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Түркістан қаласында Тәуелсіздік күніне арналған «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалі қортындыланды. Аталған фестивалдің мақсаты - облыстың имиджі мен туристік әлеуетін арттыру және түркі әлемінің орталығы ретінде дамуына үлес қосу, мәдениет пен өнердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнерлі жастарға қолдау көрсету. Осы межеден шыға білген фестивалдің қортынды шарасына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы қатысып, гран при иегерлерін марапаттады.

Фестиваль аясында классикалық ән орындаушылар, балаларға арналған би, суретшілер мен фото суретшілердің «Түрленген - Түркістан» және «Open Turkistan» танымдық бейнероликтер мен «Turkistan fashion» киім дизайнерлерінің байқаулары ұйымдастырылған болатын. Қазылар алқасының шешімімен «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалі аясында өткізілген балаларға арналған би байқауының бас жүлдесі Түркістан қаласындағы «Шабыт» және Төлеби ауданыннан келген «Көркем» би ұжымдарына табысталды. Бәйдібек ауданынан келген «Асылым», Жетісай ауданынан келген «Шаттық» би ұжымдары жүлделі бірінші орыннан көрінді. Ал кентаулық «Шығыс ырғақтары» және сарыағаштық «Еркетай» би ұжымдарына 2-орынды еншілесе, «№1 Сайрам балалар саз мектебі» мен қазығұрттық «Балауса», шардаралық «Ақмаржан» би ұжымдары үшінші орынды қанағат тұтты. Ал, «Түрленген Түркістан» суретшілер мен фото суретшілердің көрме байқауының кескіндеме номинациясы бойынша бас жүлдесі Нұр-Сұлтан қаласынан келген Маханбет Сейсенханға табыс етілді. Шымкенттік Арман Омаров бірінші орынды, шымқалалық Серікбай Жорабеков пен Сейітбек Мажибаев екінші орынды, Шымкенттен келген Бейбіт Бертаев, түркістандық пен Мұрат Шаханбаев және шымкенттік Омар Бабажановтар жүлделі үшінші орынды қанжығаларына байлады.

«Open Turkistan» бейнероликтер сайысында шымкенттік Еркін Марғұлан бас жүлдеге қол жеткізді. Айдана Көшен 1-орын, Алихан Конкин 2-орын, Әбдінаби Данияр үшінші орынды қанжығаларына байлады. Бұдан бөлек, 7-12 жас аралығында классикалық ән орындаушылар сайысының бас жүлдесіне Төлеби ауданының өнерпазы Ғаламат Халық лайық деп танылды. Сарыағаштық айша Уалихан 1-орын, түркістандық Базарбай Ізбасар 2-орын, арыстық Арман Абдрахман 3-орын иегерлері атанды. Ал, 13-17 жас аралығында төлебилік Ақбота Мұратқа тең келер ешкім болған жоқ. Шымкент қаласының өнерпазы Асқар Рысбек 1-орын, жетісайлық Бекасыл Сыйқымбай 2-орынды иеленсе, түлкібастық Диана Ерсерікқызы жүлделі үшінші орыннан табылды. Сонымен қатар, «Turkistan fashion» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауының бас жүлдесі Несібелі Есқараеваға, бірінші орын Іңкәр Мұхтарға, екінші орын Гаухар Қапақоваға, үшінші орын Салтанат Омароваларға бұйырды.

AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 863 рет