Жұма, 22 Қараша 2019 19:14

Түркістан облысы: ​Түлкібастық батагөй қариялар бата беруден өзара мықтыны анықтады

Түлкібас аудандық мәдениет үйінде «Батаменен ел көгерер» атты тақырыпта батагөй қариялар арасында бата беруден аудандық байқаудың ақтық сайысы өтті. Жеңімпаз қария «Ең батагөй қария» атанатын болады. 

Байқаудың мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру шеңберінде дәстүрлі баталарды насихаттау. Байқауға ауданға қарасты 15 ауылдық округ, поселкелерден 11 батагөй қария іріктеліп, ақтық сынға жолдама алған болатын. Солар бас жүлдені сарапқа салды. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек іс-шараның бар маңыздылығын айтып, байқауға қатысушы батагөй қарияларға сәттілік тіледі. Тарих тақтасына жазылған көсемдер мен шешендердің тапқыр сөздері бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне ұялап, келешегіне бағыт-бағдар беретін, арман-мақсаттарына жетелейтін өсиет. Оны жеткізушілер сол өнердің қаспағын қырып, сарқытын ішкен аталар. Бабалар өсиетін, сөз саптасын, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялар аудандық байқауда өз шеберліктерін ортаға салып, 2бөлім бойынша сайысқа түсті. Сайыс қорытындысымен бас жүлдені - «Ең батагөй қария» атағын және бас жүлде Іорынды Түлкібас кентінің атынан шыққан Ермахан Дәулетов, ІІ орынды Шақпақ ауылдық округінің батагөй қариясы Ермек Бейсетаев иеленсе, ІІІорынды Кемербастау ауылдық округінен Аманбай Абдалимов қанжығасына байлады. Іс-шара соңында жүлделі орындардан көрінген қариялараудандық ардагерлер кеңесінің тарапынан бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 642 рет