Сәрсенбі, 27 Қараша 2019 21:44

Түркістанда «Менің Елбасым» мәдени-танымдық шарасы басталды

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістанда «Менің Елбасым» атты апталық мәдени-танымдық шарасы басталды. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өнегелі өмірі мен Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолында атқарған ерен еңбегі ел назарына ұсынылды. 

Қазақ тарихында Елбасы есімі алтын әріптермен айшықталып жазылып қалары анық. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан халқы үшін жасаған еңбегі ерен. Білгір басшының саяси сахнада Отанына деген сүйіспеншілігі адал болды. Соның арқасында елдігіміз еленіп, ерлігіміз өзгелерге үлгі болды. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шарада көшбасшының даналығы мен даралығы насихатталды. Мәдени-танымдық апталықты Түркістан қалалық мәдениет үйі мен Нәзір Төреқұлов музейі бірлесіп ұйымдастырды.

Тұңғыш Президентіміздің Түркістан қаласын облыс орталығы етіп қабылдаған маңызды шешімі бүгінде рухани шаһардың тұрғындарына ғана емес, күллі жұртқа үлкен үміт сыйлап отыр. Мұнда табан тіреген әрібір жас болашағын қасиетті қаламен байланыстырады. Жиында оқушылар Елбасыға арнаған жүрекжарды туындыларын паш етті.

Көп ұлтты қазақ еліндегі ауызбіршілік пен ынтымақ мәңгілікке арқау болды. Елбасыны дәріптеуге бағытталған мәдени-танымдық шара апта бойы жалғасын таппақ.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 721 рет