«Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында ұйымдастырылған көрменің мақсаты — Маңғыстау өңірінің киелі, тарихи және мәдени нысандарын, жергілікті бағалы құндылықтары мен табиғи ландшафтарын, мұралары мен тарихи архитектураларын және ескерткіштер, кешендер мен кесенелер, сондай-ақ, тарихи және саяси маңызы бар оқиғалардың орындарын халық арасында таратып, насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Шопан атаның тарихы мен кесенесі жайлы ұстаз еліне кеңінен таныстыру да көрменің негізгі мақсаттардың біріне айналған.
Осы орайда, бағзы заманнан құпиясын ішке бүгіп, көшпелілердің ата-қонысы болған, жерінің асты қазынаға, үсті аңызға толы 362 әулиенің мекені шежірелі Маңғыстау өңірінің тарихи көрмесін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы ашып беріп, көрмеге келушілерді сыр тұнған өлкенің тарихына бойлаған айтулы күнмен құттықтады.
Шараға Маңғыстау облысының Мәдениет басқармасы, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, тарихшылар мен ғалымдар, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері мен жастар, музейге келуші қонақтар қатысты.
Жиын барысында «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесінің қызметкері А.Яриханова көрмемен таныстырып, Маңғыстау облысы бойынша қасиетті орын тізіміне енгізілген 15 жалпыұлттық және 28 жергілікті маңызы бар нысандар жайлы ақпараттар берді.
Көрме соңында тарихқа бай Маңғыстау өңірі жайлы деректі фильм көрсетілді.