Жұма, 15 Мамыр 2020 12:54

Түркістан: Қ.А. Ясауи кесенесінің түнгі келбеті жарықтанады

Түркістан қаласы әкімдігінде Қ. А. Ясауи кесенесі аумағын абаттандыру жобаларын талқылау бойынша ғылыми-методикалық кеңестің 7-отырысы өтті.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, қала әкімі Рашид Аюпов және архитекторлар, сәулетшілер мен жоба авторлары қатысқан жиында Түркістан қаласының басты жәдігері - кесене аумағында жүргізілетін жұмыстар талқыға түсті. Мұндағы әрбір атқарылар істе ең алдымен тарихи ескерткішке залал тигізбеу қажеттілігі айтылды.

Таныстырылған жеті жоба да ғалымдар тарапынан оң шешімге ие болды. Дегенмен, алда арнайы мамандарға, одан соң ЮНЕСКО-ның ұсынған ғалымдары шақырылып, ақылдаса қандай технология пайдалану, қалай қазба байлығын сақтау қажеттігі бойынша ұсыныс беріледі.

Кесене тарихи ескерткіш болғандықтан онда іске асатын әр жоба Мәдениет және спорт министрлігімен, ЮНЕСКО және ғалымдар тарапынан қолдау тапқанда ғана іске асырылады. Яғни, онда егілетін әрбір ағаш, көгал, ландшафтар, ботаникалық бақ, жарықшам - жауапты мамандардың келісімі арқылы жасалады. Сол себепті, абаттандыру, кесенені сақтап қалу, ағаш егу барлығы да ғылыми түрде талқылануда.

Ботаникалық бақ құру, Күлтөбе қалашығындағы археологиялық жұмыстар, Шығыс променады, кесене аумағын жарықтандыру, қайта жаңғырту сынды күрделі мәселе бойынша ескертулер берілді. Айта кетейік, аталған жоба атаулары болашақта өзгеріске түсуі ескерілді.

Сондай-ақ, қаламыздың басты символының келбеті түнгі жарықшамдар арқылы ерекше кескінге ие болады. Оң шешім тапқан жоба жуық арада іске асса, туристер үшін кесененің келбетін айшықтай түспек.

Әзірет Сұлтан қорық-музейінің жұмысы Республика көлемінде бекітілген. Сондықтан, тарихи мұраны болашақ ұрпаққа қалдыру, насихаттау және сақтау назардан қалыс қалмайды.

Бүгін ұсынылған концепциялар мақұлданып, ондағы дүниелерді пысықтау келесі отырыстарда да жалғасын табатын болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 774 рет