Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы мамандарының айтуынша, фестивальдерге Ресейдің Башқұртстан, Татарстан Республикалары мен Алтай өлкесінен, Беларусь, Әзірбайжан, Армения, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан және өз елімізден 71 өнерпаз қатысқан. Оның ішінде 41-і эстрадалық әнші болса, 30 қатысушы халық аспаптарында өнер көрсетті.
Сондай-ақ, ТМД мемлекеттерінен тыс АҚШ, Молдова, Монғолия елдерінен де әртістер қонақ ретінде қатысып, ыстық сәлемдерін жолдады.
Халық аспаптарында орындаушылар арасындағы өнер сайысы ТМД елдерінің өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Оған Санкт-Петербург қаласынан «Донцы» және «Серебрянные струны» орыс халық аспаптық оркестрлері, Монғолия Республикасынан «Алтай Кай» ансамблі, Өзбекстаннан «Аббос» тобы және Равшан Юнусов, Молдова Республикасынан «Пан академик» ансамблі, Қазақстаннан әлемге танымал «Ұлытау» тобы, сондай-ақ «SARMAD», «Қаратау қазынасы», «Адырна», «Арқа әуендері», «Алатау», «Аманат», «Алтай» сынды халықтық этно-фольклорлық ансамбльдер қатысты. Кәсіби өнерпаздармен қатар әуесқой орындаушылар да өз бағын сынап, көрермен қауымға ұлттық аспаптың өзіндік ерекше дыбысы мен бояуын шебер жеткізе білді.
Вашингтон қаласынан Nika Davidhizar, Санк-Петербург қаласынан Ольга Блохина, Қырғызстаннан Жийдеш Мұратқызы, Ресейдің Кабардино-Балкар Республикасынан Халимат Гергокаева мен Алтайдан «Чуя» тобы Шәмші әуендерін нақышына келтіре орындап, тыңдарманның ыстық ықыласы мен қолдауына ие болды. Ал, отандық өнерпаздарға тоқталсақ, Нұр-Сұлтан қаласынан Асылхан Шалқаров, Оралхан Алтынбеков сынды танымал әншілер, Қызылорда облысынан «Экспресс» ансамблі, Шымкент қаласынан «Асыл әжелер» тобы қатысты.
Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға қала әкімінің арнайы дипломы табысталады. Еске сала кетейік, онлайн режимде өткен фестивальге қатысушылардың бейне өтінімдері 15 тамызға дейін қабылданған болатын. Шеберлігімен көзге түскен өнерпаздар карантин режимі аяқталғаннан кейін Шымкент қаласында өтетін халықаралық іс-шараларға шақырылады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат