Жексенбі, 01 Шілде 2018 23:51

Шымкентте Ұлттық домбыра күні ерекше аталып өтті

Биыл Елбасы Жарлығына сəйкес шілденің бірі ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Осыған орай Шымкент қаласы əкімдігінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Оған қала тұрғындары, қалалық әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Дендросаябақта өткен салтанатты шараға тұрғындар көп жиналды. Оларды мыңға жуық мектеп оқушысы қарсы алды. Көрермендер алдымен жас домбырашылардың ерекше флешмобын тамашалады. Мыңға жуық өнерпаз бір мезетте қазақтың күйін орындады.

Бұдан кейін дендросаябақта ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өздері жасаған ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды ұсынды. Олардың арасында домбыра жасаудың шебері Сәдібеков Қожабек те өзі жасаған домбыраларды көрмеге қойды.

Мерекелік бағдарлама мұнымен шектеліп қалмады. Дендросаябақта домбыра жасаудан шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қалаған адам сондағы шеберлерден ұлттық музыкалық аспаптың жасалу жолдарын тамашалай алды. Бұған қоса саябақта домбыра күніне арналған концерт өтіп, Шымкент қаласының барлық қоғамдық көліктерінде домбырамен күй тартылып, термелер орындалды. Сондай-ақ қаладағы кітапханаларда да мерекелік іс-шаралар жалғасын тауып жатты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1734 рет