Бейсенбі, 15 Қыркүйек 2022 18:09

ШЫМКЕНТТІКТЕР АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Бүгін Мемлекет  және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Шымкенттегі Әл Фараби алаңында тау тұлғаны еске алу рәсімі өтті. Шараға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, бір топ зиялы қауым мен жергілікті халық және БАҚ өкілдері қатысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алғы сөзінде шаһар басшысы қазан айында Асанбай Асқаровтың мұрасы мен оның тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өтетінін жеткізіп, қоғам қайраткерінің басшылық еткен жылдарын еске түсірді. - Асанбай Асқаров басшылық еткен жылдары Шымкент қаласы көркейе түсті. Шаһардың экономикасы мен өнеркәсібі дамып, жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынды. Қаламыздағы дендросаябақ, хайуанаттар бағы мен өзге де мәдениет және спорт нысандары бой көтерді. Бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражайы бар. Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі денросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың қаламынан туған «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмасы 2017 жылдан бері Шанин атындағы қалалық драма театрында қойылуда,-деді М.Әйтенов. Ал зиялы қауым өкілдері “қайраткердің өнегелі өмірі, елге деген сүйіспеншілігі, қарапайымдылығы мен адалдығы бүгінгі жастарға үлгі болып, олардың жадында жаңғырып тұруы тиіс” дегенді тілге тиек етті. -Осылайша ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, Асқаровтың дара тұлғасы туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Айтып өтейік, Үкіметтің ұйғарымымен Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы көршілес Жамбыл облысында, өзінің туған жерінде республика көлемінде жары мен балаларының қатысуымен өтіп жатыр. Мерейтойға Шымкент қаласынан да қызметтес болған ардагерлер қатысуда.

Оқылды 150 рет