Дүйсенбі, 20 Тамыз 2018 15:54

Түркістан облысы: Жетісай қаласындағы орталық саябақ жаңа кейіпке енеді

Осыдан 3-4 апта бұрын Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен ауданымызда жаппай сенбілік жұмыстары қарқын алған болатын. Нәтижесінде Жетісай қаласындағы орталық саябақ жаңаша кейіпке еніп, қалыпқа келе бастады. Қазірдің өзінде мұнда демеушілер есебінен жүргіншілер жолына асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталды. 

Бұдан бөлек саябақ қураған тал-дарақтардан тазарып, көркейту, әрлеп-ақтау шаралары жалғасуда. Енді бірер күнде аталған саябақта облыстық «Қауынфест» фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев орталық саябақтағы дайындық жұмыстарының барысымен танысып шығып, қала басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. 

«Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен биыл ауданымызда тұңғыш рет «Қауын фест» облыстық фестивалі өткізілгелі отыр. Дайындық жұмыстарын бастаған уақытта қай жерге өткізген тиімді деген сауал мазалады. Ойлана келе бұл шараны Жетісай қаласындағы орталық саябақта өткізуді жөн санадым. Бұл шешімнің тиімділігі мол болғалы отыр. Біріншіден, үлкен маңызды шараны көлеңкелі әрі көрікті жерде өткізсек, екіншіден талай жылдан бері қараусыз қалып, шөп басып жатқан саябақты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік тумақ. Соның арқасында қала тұрғындары бой жазып, серуендейтін керемет орын пайда болады», - деді Жамантай Қанайұлы. 

Айта кетейік, саябақтың жалпыаумағы 27 гектарды құрайды. «Қауын фест» іс-шарасының өткізу алаңы шамамен 10 гектарға жуықтайды. Ал қалған бөлігінде балаларға арналған ойын-сауық нысандары орналасқан. Алдағы уақытта аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен бұрын қолданыста болған ескі аттракциондар жаңаланып, қызмет көрсету аясы кеңи түспек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1196 рет