Сәрсенбі, 24 Мамыр 2023 21:32

ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкері кәсіби мерекесін дәл осы күні атап өтеді. Даталы күн Шымкентте де жыл сайын елеусіз қалмайды. Биыл да  мәдениет саңлақтары кәсіби мерекелерін атап өтіп. Құрметке бөленді.

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын өтті.

Іс-шара мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелердің далалық көрме таныстырылымымен бастау алды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов көпшілікті мерекемен құттықтап, шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер бар екенін атап өтті.

— Мегаполис аз уақыттың ішінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналды. Қала халқының мәдениетін көтеру бағытында көптеген мәдениет ошақтарын қайта жаңғырттық. Көне де жаңа шаһардың рухани мәдениетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Басқармаға қарасты 21 мекемеде 2000-ға жуық маман жаңа жобалары арқылы ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсап келеді, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Қуаныш Жұмабекұлы салаға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. Жиында көпшілікке «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясы тарту етілді. Сондай-ақ, «Мәдениетім — мерейім» қаламыздың мәдени-рухани даму бағытына арналған деректі фильм ұсынылды. Еліміздегі мәдениет пен өнер саласындағы біршама ілкімді істер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынғанын атап өту керек. Атап айтқанда «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жаһанға насихаттау жолында қыруар жұмыс жүзеге асырылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілді. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлап, Италия, Франция, Түркия, Жапония, Ресей, Қытай сынды ірі елдер қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарлары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сарадай» шығармаларды төл сараптауда тыңдау мен баға беру бақытына ие болды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрме негізінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды. 2019 жылы бірінші болып «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінде таныстырылған болатын. Кейін Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде өткен көрмеде Алтын адаммен бірге Тақсай ханшайымы да көрсетілді. Әлем қазіргі таңда қазақ мәдениетіне біршама қанық. Жас буыннан Димаш Құдайберген, Ержан Максим қатарлы өнерпаздар дүние жүзіне қазақ әнін паш етіп, тыңға түрен сала білді.

Оқылды 321 рет