Қазір қалада 144 қонақ үй жұмыс істейді. Туризм бағытында мамандар биыл Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелерінде абаттандыру жұмысын жүргізген. Әр бейсенбі шетелдік туристерге арналған экскуриялық автобус ұйымдастырылады. Басқарма тарапынан 11 инвестициялық жоба жоспарланған. Соның 7-еуі жүзеге асты. Биыл «Хилтон» қонақ үйінің құрылысы басталған, 2026 жылы пайдалануға берілу жоспарланып отыр. Бұл туризмді дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік туғызады.
«Әуе рейстері бойынша қосымша 5 қалада рейстер ашу жоспарлануда. Креативті индустрия өкілдерін қолдау мақсатында ағымдағы жылы шілде, қыркүйек айларында Арбат алаңында кревтивті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырды»,-дейді қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Мұхтар Сабаев.
Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала. Қаланың әуежайы мен теміржол торабы шаһарды басқа өңірлермен және көршілес елдермен байланыстырады. Сонымен бірге, гастроорталық ретінде танымал әрі туристер үшін тартымды. Қазақ, өзбек, ұйғыр тағамдарын ұсынатын түрлі дәмханалар жұмыс істейді. Туризм басқармасы шетелдік қонақтарды тарту мақсатында маркетингтік шараларды қолға алған. Халықаралық көрмелерде де жиі бой көрсетеді. Шаһарға келушілер санының артуы өңір экономикасының нығаюына да ықпал етеді. Шымкентті туристер үшін Қазақстанның тартымды орталығы деп сеніммен айтуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы дәл осы кезеңінде Шымкент қаласында келген туристер саны 449 098-ге жеткен (ішкі туристер саны 420 398, шетелдік туристер саны 28 700 адам) еді. Ал 2022 жылдың алты айлық көрсеткіш бойынша 214 мың адам мегаполиске турист ретінде ат ізін салған.
Айта кету керек, қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысандар орналасқан (Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баба, Қожа салық, Мірәлі баба, Қызыр мұнарасы, Сайрам қалашығы.