Шымкенттіктер үшін ерекше әсерге толы қойылым сахыналанды

Шымкент қаласында 9 мамыр — Жеңіс күнін тойлау Әл-Фараби алаңында жалғасын тапты. Кешкі сағат 20:00-де қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында Ә.Нұрпейісовтың «Күткен күн» роман желісімен сахналанған қойылымды тамашалады. Шымкенттіктерге мерекелік спектакль-концертті Айгүл Иманбаева жетекшілік еткен өнер ұжымы «А.И.» театры ұсынды.

Оқиға желісі 1941 жылы соғыс өртінің тұтануынан бастау алған. Мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқан мектеп түлектерінің қуанышты сәтінде соғыс басталғаны туралы суық хабар келеді. Қойылымда халықтың сол сәттегі тұрмысы, жастардың патриоттық рухы көрсетіледі.

Ананың балаға жазған хаты көрерменді елжіретіп, көзіне жас үйірсе, майдандағы әкесін сағынған бала, жарына сезім мен үмітке толы хатын жолдаған келіншектер, жалындаған жас боздақтардың соғысқа үлкен жігермен аттанған көріністері, бәрі-бәрі халықтың зор қошеметіне бөленді.

Автордың өзі оқиғаның ішінде болып, «Курляндия оқиғасы» деген очерк жазбақ болады. Ә.Нұрпейісовтың жазушылық жолы да осы оқиғадан бастау алған екен. Авторлық идеясын жүзеге асыру үстінде шығармашылық ой өзегі үнемі өзгеріп, очерк көлемді әңгімеге, әңгіме повеске, повесть қалың романға айналып, әуелі «Курляндия» боп жарық көрді де, кейін «Күткен күн» деген атпен бастан-аяқ қайта жазылды.

Қойылымның барысы тек мұңды оқиғалардан құралды деуге келмес. Спектакль-концерт бағдарламасында көңілді әуендер де орындалды. Мерекелік кеште ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Маржан Арапбаева, Айгүл Иманбаева әннен шашу шашты.

Басты рөлдерді Мәдениет саласының үздігі Бағлан Иманғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева сомдаса, «А.И.» театрының актерлері Еркебұлан Есіркеп, Анэль Төлегенова, Әмірхан Оразбақ, Ақбота Шойнбектер өз өнерімен көпшілікті тәнті етті.

 

Шымкенттіктер Жеңіс күнін атап өтті

9 мамыр – Қазақстандағы мемлекеттік мерекелер тізіміндегі айтулы даталардың бірі. Бұл күні Кеңес Одағының армиясы II Дүниежүзілік соғыста фашистерді жеңді.

Оның құрамында сол кездегі Қазақ КСР-дың мыңдаған азаматы да болды. Олар Берлинге дейін барып, Рейхстагқа жеңіс туын тікті.

Шымкент қаласында 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі жоғары деңгейде атап өтті. Мерекеге орай Абай саябағында орналасқан Даңқ монументіндегі Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, соғыс және тыл ардагерлері мен қаза болған жауынгерлердің ұрпақтары, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысты.

Жиналған көпшілік Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті.

Айта кетейік, 1941-1945 жылдары Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірден 140 мыңнан астам жауынгер соғысқа аттанып, олардың жартысына жуығы туған жеріне қайта оралмаған.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қала әкімі М.Әйтенов Абай саябағы аумағында арнайы жасақталған далалық-әскери лагерьге келіп, соғыс және тыл ардагерлерімен бірге театрландырылған қойылымды тамашалады. Онда өнерпаздар майдан даласынан көріністер қойып, соғыс жылдарының әйгілі әндерін шырқады.

Бүгінде қаламызда 3 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Одан бөлек, майдандағы бауырлары үшін тылда еңбек еткен қаншама ардагерлер бар. Қаламызда 1500-ге жуық полигоннан зардап шеккендер бар.

Айтаөтсек,  биылқалалықжұмыспенқамтужәнеәлеуметтікқорғаубасқармасытарапынанҰОСардагерлерініңәрқайсысына 360 айлықесептіккөрсеткішмөлшерінде, яғни 1 242 000 теңгеденмерекеліктөлемесепшоттарынааударылып
сондай-ақ, қалада 2 183 тылардагерлеріне 12 АЕК 41 400 теңгедентөлемдертөленді.

Шымкент: Жас қаламгермен кездесу өтті

Жастар ресурстық орталығында жас қаламгер Жәмиля Бақтиярқызының «Қарлығашым, келдің бе?» атты шығармашылық кеші өтті. Он жылдай дертімен күресіп, жеңіп шыққан жас арудың алғашқы туындысы «Бәйшешек» жастар арасында танымал болып үлгерген.

Он жасында тағдырдың сынына түскен кішкентай қыз қолына қалам алып, ойларын жаза бастаған. Жаратушының сыйы дерсің, қаламынан түскен әрбір сөз жүректен шығып, кітапқа айналды. Бүгін Жәмиляның екінші «Қарлығаш» атты кітабының тұсауы кесілді.

«Қарлығаш» – қаршадай қыздың үлкен тағдыр жолына бастайтын жүрегіндегі махаббат жыры, нәзік сыры, асқақ арман-ойлары жазылған кітап. Қарлығаш қыздың атасына жазған хаттары, бөлісер балауса сезім-сырлары, өмір жайындағы сан-алуан сауалы толғаныстарға ұласып, ата мен бала арасындағы диалог өскелең де өрісті ойларға жетелейді.

– Жәмиляның «Бәйшешегін» де, «Қарлығашын» да оқып шығып, мұндай дүние жастарға керек деп ой түйдім. Қазіргі қиындау заманда отбасы құндылығы, Отанға, ата-анаға, туған жерге деген махаббат әлсіреген. Жәмиляның кітабынан сырлы сезімнен бөлек, тарихты да, салт-сананы да, тәлім-тәрбиені де көрдім. Атасы мен анасын ардақтау арқылы Алаш елін ардақтай білуді үйретеді. Бүгінгі жастарға нағыз керек дүние. Сондықтан бүгінгі кездесуді ұйымдастырдық, – дейді «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы.

Бүгінде халықаралық журналистика мамандығында оқып жүрген Жәмиля – көп жасқа үлгі. Мотиватор. Жаратушысына алғысы мол, өмірге ғашық қыздың айтуынша кітапқа түскен әр сөзі жаратушыдан келген аян секілді.

«... Өміріме деген ынта менде де бар еді. Өйткені, мен бала едім... Мен ауыруыма жеңіл қарадым, оны қабылдадым, жақсы көрдім және күрестім.. Сондықтан мен Жаратушыма налымаймын деп шештім».

Шымкентте ең үздік бозбала мен бойжеткен анықталды

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 15- сәуір – Қозы Көрпеш Баян Сұлу ғашықтар күніне орай, «Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастарды ізеттілікке баулу, үлкенді құрметтеуге шақыру, ұлттық салт-дәстүрді жастар арасында насихаттау, ұлттық сананы қалыптастыра отырып, қоғамдық және мәдениет салаларына белсенділігін арттыру.

«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауына арнайы кастинг жарияланып, жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 30-ға жуық жұп қатысуға ниет білдірді. Кастинг нәтижесі бойынша 8 жұп іріктеліп, байқауға жолдама алған болатын. Олар 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, арнайы шығарылым, өзін-өзі таныстыру, шығармашылық өнер және зияткерлік бөлімі. Қатысушылар түрлі өнер көрсете отыра, әділқазылардың 5 пен 10-ға дейінге балдық шкаласымен бағаланды.

«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауының нәтижесі:

1-орын: Даниял мен Ақсезім - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті

2-орын: Бақдаулет пен Меруерт - Орталық Азия инновациялық университеті

3-орын: Асылбек пен Жасмин - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

Номинациялар бойынша:

Ең жарасымды жұп – Едігі мен Аружан

Ең өнерлі жұп – Айбек пен Балнұр

Ең креативті жұп – Нұржан мен Сания

Көрермен көз айымы жұбы – Дарын мен Жанель

Ең парасатты жұп – Бақдәулет пен Ару

Жеңімпаздар арнайы диплом мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Шымкент мәдени ошақтарға бай

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар.

Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Шымкент қалалық орыс драма театры, өзбек драма театры, опера және балет театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, әзіл-сықақ және сатира театры сахналық қойылымдар арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді.

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі (23 филиал), орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі (14 филиал), жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана — мегаполистегі мол қорға ие қазыналы мекен.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.

Халық шығармашылығын дамытып, аймақтағы жас таланттарды танытып, халыққа рухани байлық «Шымкент қалалық мәдениет үйі» қомақты үлес қосып отыр. Ал, өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, отандық және әлемдік мәдениет пен өнердің үлгі өнегесін, Шымкент қаласының мәдени мұрасын насихаттауда «Көрме» орталығы игі бастамалардың ұйытқысына айналған.

 

 

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына - 40 жыл

27 наурыз- Халыаралық театр күні. Бұл күні Шымкенттегі қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры да өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда театр ұжымы «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқау жариялаған болатын. Бір жылға созылған байқау биыл қорытындыланды.

500-ден астам дарынды бала қатысқан «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды да талантты балақайлар қатысқан.

Еске салсақ, өткен жылы дәл осы уақытта Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық сурет байқауын ұйымдастырған болатын. Бүгін аталған байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Биыл – өнер ордасының 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, өткен жылы мектеп оқушылары арасында «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сурет байқауы басталып, биыл кәсіби мерекемізде қорытындыладық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – сурет әлемі арқылы өскелең ұрпақтың театр өнеріне деген махаббатын ояту. Өнер сайысына Қазақстанның сегіз облысы мен 16 қаласынан жас суретшілер қатысты, - деді театр басшысы.

Жас қылқалам шеберлерінің туындыларына арқау болған суреттер – Шымкент қалалық қуыршақ театрының 40 жылда сахналаған ертегі кейіпкерлері. Жас суретшілердің ішінен дарындыларды таңдау оңай болмады. Кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасының шешімімен І орынға Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі лайық деп танылды. Оларға «Шымкентке кел!» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталды (Жеңімпаздар Шымкент қаласының 40-қа жуық тарихи орындарына 3 күн тегін саяхаттайды.

ІІ орынды Орал қаласы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебі иеленді (Жеңімпаздарға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталды. Осы сертификатпен бір жылдың ішінде кез келген қойылымды тамашалайды).

ІІІ орын Кентау балалар көркемсурет мектебіне бұйырды (жеңімпаздарға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталды. Олар әр айда қалаған бір ертегіні тамашалайды).

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, олардың өнері дүйім жұрт тамсандырды.

 

Шымкентте ұлттық құндылықтар дәріптелді

17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні. Осы орайда «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді дәріптеген мейрамда жұртшылыққа арнап наурызкөже ұсынылды, бауырсақ таратылды. Келушілер ұлттық ойындарымыз арқан тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.

«Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.

Мадина Кенжеқұлованың айтуынша, мерекеге «SCAT» авиякомпаниясы, «Бал текстиль» зауыты, «Go-Kino, «Шымкент концерт» мекемелері және «Айжамал тәттілері» демеушілік көрсеткен. Демеушілер есебінен өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үйінің бүлдіршіндеріне арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Сонымен қатар, бүлдіршіндерге жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылық пен құштарлығын ояту үшін тарихи жанрдағы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді.

Мерекелік іс-шара тарихи кешенде күні бойы жалғасатын болады.