Жұма, 24 Мамыр 2024 17:25

Сауран ауданы: «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында кездесу өткізілді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сауран ауданы Шаға ауылдық округіне қарасты "Молда Мұса" атындағы жалпы білім беретін мектепте «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы аясында жоғарғы сынып оқушылары арасында кездесу болып өтті. Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің теолог маманы Д.Ажибай қатысты.

Еліміз қай заманда да елдікке, тыныштыққа, бірлікке соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Елімізді мекендеген түрлі ұлыстар татулық пен келісімді сақтауға, елімізді дамытуға, бейбіт тұрмыс құруға бар күш жігерін салу қажет. Сонымен қатар жастардың түрлі ағымдарға еріп адасудан сақтандыру, дұрыс бағыт-бағдар көрсету баршамыздың ортақ ісіміз. Қазіргі әлеуметтік желілердің дамыған уақытында адастырушы ағымдар жетегінде кетпеу үшін дұрыс ақпаратты тани білу қажет. Сондықтан кез келген діни уағыздарды тыңдамаған абзал. Кездесу барысында оқушыларға түрлі пайдалы ақпараттар берілді. Үнпарақтар таратылды.

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бірбірімен сабақтас ұғым.

Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.

Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әлғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген. Ал, Имам Сарахси хазірет: Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген.

Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Қай халықтың болмасын салт - дәстүрлері сол халықтың мінез - құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт - дәстүрлері мен әдеп -ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалып -тасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын қабылдау, рухани байлығынан сусындау – салт -дәстүрін, тілін, діні мен ділін жетік меңгеру.

Дін мен дәстүр – біздің ұлттық болмысымыз Ертеде салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарған, сондықтан оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған. Халықтың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне қазір де үлкен мән берілуде. Бұған еліміздің алғашқы мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деген ғибратты сөзі дәлел бола алады.

Қонақжайлылық – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін», - деген Алла Елшісі (с.а.с.). Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Қазақ ұлтының қанына сіңген қасиеттердің бірі – сыйластық.

«Адам – сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынған. Түркі халқына ортақ тұлғалар, жыраулар мен ақындар кейінгілерге діни уағыздың сара жолын салып кеткен, жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткен. Мысалы, Ахмет Иүгінеки: Бір Алла, өлтіретін, тірілтетін, Көрерсің сен де оны көзің жетіп. Иесі құдіреттің жалғыз Құдай, Өлгендерді тірілту оған оңай, - десе, Мұқағали Мақатаев: Дін – ғылымның атасы, Дін – ғылымның анасы, Ғылым – діннің баласы, - деп, ғылымбілімнің негізі дінде жатқандығын еске салады. Бұдан қазақ халқының болмыс-бітімінің, мәдениеті мен әдебиетінің Ислам дінімен біртұтас екендігін көреміз Қорытынды: Сонымен, аталған «Дін мен дәстүр» кітабында Ислам дініндегі біраз маңызды ғибадаттар сөз етілген. Олар жамағатты Алланың өсиеттерін шын ниетпен орындап, тыйым салынған әдеттерден аулақ болуға шақырады.

Жалпы, ертеректегі ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болу қажеттілігі айтылады. Олар – діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым  Сүлеймен Бақырғани, т.б. Олар үлкен ғалым болумен қатар барлығы да діннің аса білгір маманы еді. Біз, өскелең ұрпақ, осындай ұлы адамдардың жерлесі болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз.

Жалпы дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойған. Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз Исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, етеккірі кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, күйеуіне жақындаспайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.

Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туған баланың туғанына қырық күн толғанда жасалады. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққанына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген. Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге 40 күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге 40 күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға, күйеуімен жақындасуына рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діни дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайға жол беріліп жатады. Керісінше салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер аз емес. Жалпы жоғарыда айта өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып жатса нұр үстіне нұр.

Сәбидің дүниеге келуінен бастап, ақтық сапарға аттандырғанға дейінгі аралықта қазақ халқында жасалынатын салт-дәстүрдің Ислам дінімен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым екенін байқайсыз, екеуі егіз тақырып десек те болады.Салт-дәстүр - белгілі бір ұлт үшін өмір, қоғам заңы.Тіршілік ережесі, сана, тәрбие және рухани байлық. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындап, құрметтеген. Әдет-ғұрып -  белгілі бір қоғамдық әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы. Қазақ тілінде «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрып» - сөз тіркестерінің мағынасы бір.

Біз салт-дәстүр деген сөзімізді әдет-ғұрып деп те қолданамыз. Дін - сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын,  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттар. Ислам діні 12 ғасыр бойы қазақтың салт-дәстүріне біте қайнасып, сіңісіп кеткеніне бірнеше дәлел. Мысалы;  халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қояр кезде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата- анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады.Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Сәбидің бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат айтып ат қойылады. Бұл үрдіс Пайғамбарымыз (с.а.у) немерелері Хасан мен Хусейн туылғанда азан айтқандығы риуаят етілген сүннет. Бүгінгі күнге дейін өзін мұсылманмын деп санаған қазақтың әр-бір баласына азан шақырылып есімі қойылғаны айдан анық. Сол дәстүр қазақтың әр бір отбасында сақталып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Ақиқа -  нәресте туғаннан кейін оның шашы қиылғанда мал сойып, құрбан шалу. Бұл баланың ата-анасындағы ақысы саналады. Бала туған соң жеті күннен бастап балиғат жасына жеткенге шейін орындауға болады. Сүннет бойынша ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылу керек. Сүннет бойынша баланың ата-анасы ақиқа күні қиылған шашты өлшеп, сол мөлшердегі күміспен садақа ету керек. Пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) немересі Хасанға ақиқа жасағанда айтқан: «Йә, Фатима, оның шашын қи да сол мөлшердегі күміспен садақа бер».

Қазақ дәстүрінде Ақиқаны – Қалжа дейді. Қалжа – қазақ дәстүріндебосанған келінге арнап байланған қой. Дана халқымыз "Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр", "Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі" дейді. Қалжаның күнделікті жейтін еттен басты айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Қалжа жеген ананың сүті де нәрлі, құнарлы әрі жеткілікті болады. Сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады. Бірінші күні келін қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен мүжиді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен керегенің басына ілген. Бұлда қазақ дәстүрінің Исламмен байланысын көрсетіп тұр.

Шілдехана - арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Ешкім ешбірін шариғатқа шалыс деп айыптай алмаса керек.

Келесі Исламмен быйланыстыратын дәстүр сүндетке отырғызу. Баланың жетінші күні немесе балиғат (7) жасына толғанға дейінгі аралық ішінде сүндетке отырғызылады. Жәбірдің риуаят етуі бойынша; «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі немересі Хасан мен Хусейнге жеті күн толғанда оларға арнап ақиқа құрбанын шалды да, оларды сүндеттеді»[2] Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналған. Осы сияқты қыздың қалын малын беру, сырға салу, ұзату, байғазы, сүйінші, қәде сұрау, сәлемдесу, т.б. көптеген Ислам дінімен сабақтас дәстүрлер бар. Жаназаға қатысты Олжас Сүлейменов: «Бейіт - діни сенім көрінісі. Өлікті жерлеу ғұрпы және оның таңба формуласы бір халықтан екінші халыққа дінмен бірге, яғни әлеуметтік сана арқылы ғана ауысып отырады»-дейді. Марқұмды да ақтық сапарға шығарып салу Ислам дінімен тығыз байланысты.

Қазақ халқында ұлттық дәстүрлердің басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Әр халықтың мәдениетін, тұғырын айқындап беретін таразы-сол халық ұстанған идиологиялық рухани жол, яғни діні. Елбасымыз «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп атап өткендей  діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін, қадірлейтін халық. Салт-дәстүрге бай халық, ол мәдениетке де бай халық. Әр бір елдің азаматы салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрыпымызды біздің ұлттық құндылықтарымыз деп бағалауы керек. Ғасырлар бойы қалыптасып, жетіліп, қиын дәуірлердің сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі ұрпаққа бізге жеткен дүние.

Мәдениет дәстүрлі құндылықтардан құрылады. Дәстүр мен мәдениеттің тоғысы бір. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Салт-дәстүрдің ел арасында тәлімдік, тәрбиелік мәнісі зор. Атадан балаға көшіп, дамып отыратын дәстүр, халықтың мәдени тұрмысын, салт-санасын, мінез-құлқын, тәлім- тәрбиесін және рухани байлығының көрінісін  салт-дәстүр арқылы танылды. Солай бір ұлттың мәдениеті қалыптасады. Дәстүр мен мәдениеттің тоғысы бір. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады.

Оқылды 156 рет