Олай дейтініміз, аудан бойынша мешіттерге қатысты қордаланған шаруаларды жүйелі түрде реттеу үшін әуелі мешіттердің ахуалымен танысу маңызды. Кездесу барысында бөлім басшысы Н.Тажыбеков мешіт имамдары мен намазхана имамдарына мешіт пен намазхана құжаттарын заңдастыру және террористік тұрғыдан осал объекті паспортын жасау қажеттігі жөнінде айтты.
Мешіттердегі имамдар мен және діни қызметкерлермен кездесіп, мешіт ахуалы мен діни тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өз кезегінде бас имам Б.Акауов бірлесе дін саласындағы өзекті мәселелер мен мешіт құжаттарын заңдастыру процесінде жұмыстар атқарылатындығын жеткізді. Алдағы уақытта басқа да ауылдардағы мешіттердің жағдайымен танысу жалғасатын болады.
Осы тұста Сауран ауданы құрылғалы бірнеше мешіттер бой көтеріп, пайдалануға берілгенін де айта кеткен жөн. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек. Мәселен, 2022 жылы шілде айында Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округі Абай елді мекенінде жеке кәсіпкер есебінен 100 орындық жаңа мешіт ашылды. Тарихи тұлға Құрышхан атаның есімімен аталған мешіттің ашылу салтанатына аудан басшылары, ардагерлер мен депутаттар, зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын.
Тарихи деректерге сүйенсек Құрышхан ата Жылаған атаның әкесі болған. Жылаған ата Сауран ауданындағы халықтың ең көп келетін зиярат орындарының бірі. Бүгінде рухани туризм орталығына айналған Құрышхан ата кесенесіне еліміздің әр түкпірінен, шет елдерден зиярат етуші туристер көптеп келеді. Абай ауылында ашылған мешіттің атауына тарихи тұлғаның есімін беруді ауыл тұрғындары ұсынған.
Жаңа мешітті Хандиллаев Мырзан ақсақалдың өсиетімен ұрпақтары мен бауырлары, ауыл халқы тұрғызды. Мешіт Құрышхан атаның кесенесінің жанынан салынды. «Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта халқымыздың рухани байлығы, халықтың діни көзқарасы, олардың түрлі ағымдарға ермеуі, еліміздегі жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарымыз басты назарда болуы керек. Мешіттердің ауданымыздың дамып-өркендеуі, рухани құныдылақтардың дәріптелуі жолында қосар үлесі зор деп білемін. Тарихи топырақта ашылған мешітке тарихи тұлғаның есімін беру де ұлағаттылық деп білемін», - деген болатын сол кездегі аудан әкімі Ғани Рысбеков.
Сондай-ақ, 2021 жылы Сауран ауданы, Ескi Иқан ауылдық округіне қарасты Достық ауылында жаңа мешіт бой көтерді. Демеушілердің көмегімен салынған мешіттің жалпы алаңы 360 шаршы метрді құрайды. Мешіт құрылысына демеушілік жасаған Түркiстан қаласының тұрғыны, кәсіпкер Саид Бөрібайұлы.Жаңа мешітте 700 адам бір мезетте намаз оқи алады. Жаңа мешіт аумағанында медресе мен автотұрақ салынған.
Биыл, яғни, 2024 жылы Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Сауран ауданы, Жібек жолы ауылдық округі, Сауран елді мекенінде ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің демеушілігімен «Сауран» мешіті ашылды. Имандылық ордасының ашылуына Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов арнайы қатысып, атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Салтанатты жиында мешіт имамына қасиетті Құран Кәрім кітабы табысталды. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудан әкімінің кеңесшісі Жолдас Мырзабеков, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, аудандық мәслихатының депутаты Арсылан Раматуллаев, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев пен ауыл ақсақалдары көпшілікті имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, жаңа мешіттің салынуына ұйытқы болған Ерғазы Жүсіповке умра қажылыққа сертификат табыстап, иығына шапан жапты. Жалпы сыйымдылығы 150 адамдық мешіттің ашылуынан соң ас беріліп, Құран бағышталды. Жиылған қауым құлшылық орнының ауласында көшет отырғызды.
Бұған қоса былтыр маусым айында Сауран ауданында 3000 орындық мешіттің құрылысы басталды. Мешіт Қарашық ауыл округінде салынып жатыр. Демеушілердің ықпалымен. «Шерхан Мұртаза» қайырымдылық қоры мешіт құрылысын қолға алып отыр. Жаңа мешіттің қазығы қағылып, болашақ ұрпаққа аманат капсуласы салынды. Бұл капсуланы 50 жылдан кейінгі ұрпақтың ашып оқуға мүмкіндігі бар. Ақжолтай шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен ауданның сол тұстағы әкімі Ғалымжан Үсенбаев арнайы қатысқан болатын. Ауданның зиялы қауым өкілдері мен мешіт имамдары игілікті шараның қасынан табылды.
Мешіт биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мешіттің айналасында рухани орталық болады. Онда келген қонақтарға демалып, діни сауатын бір мезгіл тереңдетуге барлық жағдай жасалынады. Сонымен қатар мешіт айналасына сәнді ағаштар отырзылады.
Бас мүфти Наурызбай қажы мешіттер халыққа рухани орда ретінде қызмет ету керектігін атап өтті. Ал өз кезегінде аудан әкімі бой көтергелі отырған мешіт имандылықтың темірқазығына айналуына тілектес екенін жеткізген-ді. Атап айтар болсақ, бұған дейін Қарашық ауыл округінде екі мешіт пен 8 намазхана ел игілігіне қызмет етіп келген. Бұл мешіт әзірге аудан бойынша ең үлкен мешіт болғалы тұр.
Қызыл империяның қыспағынан құтылып, кеңістікке жол тартқан ұлт рухы ізгілік пен мейірімнің шуағына бөленген шақтарда елімізде көптеген мешіттер бой көтерді. Қазақтың қанында бар қарапайым қасиет бүгінгі таңда да болмысынан жоғалған жоқ. Еліміздің қай қиырында болсын, тек қана Алла разылығы үшін мешіт салып, оны халықтың игілігіне беріп жатқан азаматтар жетерлік.
Кез келген адам тіршілігінде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Барлығымыздың бұл дүниеде сауапты амал жасауымызға мүмкіндігіміз мол. Алла Тағала адамзат баласына асыл діні арқылы сауабы үзілмейтін іс жасауға жол көрсетіп қойған. Ол шексіз сауап жазылатын амалдың бірі — халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салу болса, соның ішіндегі ең ізгіліктісі — мешіт салу екен.
Мешіт – мұсылман қауымының Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш беретін, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен. Мешітке ниет етіп шыққан кісінің және мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың с.ғ.с хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.
Мешітке келген қауым – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтыны тағы бар. Міне, осындай екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз с.ғ.с «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген екен. Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.
Адам өмірінде сауабы үзілмейтін сауапты істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Дүние тіршілігінде пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол. Сондай шексіз сауаптың бірі – халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салудың қатарында мешіт салу. Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінажат үйі. Ал, мешіттің жанынан діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы.
Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды мақсат етеді. Елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ниетті жандар қаламыздың іргелерінде қарқынды жүріп жатқан мешіт құрылыстарына мүмкіндігінше қол ұшын беріп, сауаптан үлес алуға мүмкіндігі мол.
Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың өмір тарихына қарайтын болсақ, олардың бірінші кезекте қасиетті істі, яғни мешіт салуды қолға алғанын көреміз. Ислам тарихына зер салып қарайтын болсақ, Мекке мүшіріктерінен қысым көріп, Мәдина қаласына қоныс аударуға мәжбүр болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең әуелі қолға алған қасиетті ісі мешіт салу болған.
Мешіт салудың тарихын сөз етер болсақ, жер бетіндегі ең алғашқы мешіт Мекке қаласындағы қасиетті Қағба екені белгілі. Бұл туралы қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Адам баласы үшін (құлшылық жасау үшін жер бетінде) алғаш құрылған үй Меккедегі (Қағба). Ол өте берекелі және бүкіл әлем (адамзат) үшін тура жолдың бастауы» («Әли Имран» сүресі, 96-аят) делінген.
Осыдан кейін Алланың қалауымен қасиетті Қағбаның іргетасын Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ұлы Исмайыл пайғамбармен (оған Алланың сәлемі болсын) қайта тұрғызады. Пайғамбарлардан бастау алған қасиетті іс Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде де жалғасын тауып, Ислам діні дүниенің төрт бұрышына тарады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшкен кезде өзін құшақ жая қарсы алған мәдиналық мұсылмандармен бірге қаланың оңтүстік жағындағы Құбада мешіт тұрғызды. Бұл туралы Құранда: «Бастапқы күннен бері тақуалық негізінде салынған мешіт» («Тәубе» сүресі, 108-аят) деп баяндалған.
Аллаға шүкір, елімізде иманды жандар, кәсіпкер азаматтар жер-жерде Алланың үйін салып, халықтың алғысын алуда.Алла разы болсын! Құранда: «Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақыретке иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ Алладан өзге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты түрде көркейте алады. Міне, солар тура жолдан таймауға, мақсат-мұраттарына жетуге үміт ете алады» («Тәубе» сүресі, 18-аят) делінген.
Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес. Мешіт – білімнің, мәдениеттің, тәрбиенің орны. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Медине қаласындағы салынған мешіт ғимаратына үйсіз-күйсіз, жалғыз-жарым қалып қойған мұсылмандар үшін қосымша тағы бір үй жапсарластырыла тұрғызылған болатын. Бұл үйге орналасқандар, негізінен, діни ғылым-білім үйренетін. Олар: «асхабус-суффа» деп аталады. Басқаша айтқанда бұл үй мұқтаж мұсылмандар тегін жатып оқитын медресе іспеттес еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды ерекше назарда ұстайтын. Ауқатты мұсылмандар оларға жәрдем беріп, ас-суына қарасып тұратын. Осы үйден білім алған мұсылмандар төңіректегі елді-мекендерге Ислам дінін насихаттап үйретуге жіберіліп тұратын.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте адамдарға әрдайым жақсылықты үндеп, білмеген нәрселерін үйретіп, оларды парасаттылық, мәдениеттілік, әдептілік атты қасиеттерге тәрбиелейтін. Хадисте келгеніндей Пайғамбар заманында діннен хабарсыз бір бәдәуи мешітке келіп, дәрет сындыра бастайды. Адамдар орындарынан тұрып оны тоқтатпақшы болғандарында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл істі білмей істеп жатқанын ескеріп: «Оған тимеңдер, оның нәжіс қылған жеріне шелекпен су құйыңдар. Өйткені сендер қиыншылық жасауға емес, жеңілдік жасауға жіберілдіңдер!» – деп, білмеген ісін әлгі кісіге жұмсақтықпен түсіндіріп, ал сахабаларына адамдарға қалай дұрыс насихат жасаудың жолын үйреткен.
Пайғамбар заманында адамдар үйіне келгендерінде, әйелдері олардан: «Бүгін мешіттен не нәрсе үйреніп келдің?» – деп қарсы алатын болған. Сондықтан да мешіт білімнің, тәрбиенің орны. Мешітке келетін әр адам намаз оқып, құлшылық жасаумен қатар қасиетті Құранды дұрыс оқу ережесін, оның мән-мағынасы мен тәпсірін, дініміздің көркем әдебін үйренуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», – деген (имам Муслим).
Ислам тарихына үңілер болсақ мешіттерде шариғат ілімдерімен қатар медицина, математика, астрономия секілді жаратылыстану пәндері де оқылғанын көреміз. Қазақ жерінде де мешіттер ғибадат орыны болуымен қатар ағартушылық рөлді де атқарған. Оған дәлел ретінде кезіндегі халық қызметінде болған ардақты тұлғаларымыздың өмір баянын оқи қалсақ: «Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан», «Ауыл молдасынан хат таныған» деген сөздерді жиі кездестіруімізге болады.
Бірде Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Мединенің базарында жүріп, ондағы адамдарға: «Уа халайық! Сендерді не нәрсе әлсіреткенін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Адамдар: «Уа, Әбу Һурайра! Не болып қалды?» – деді. Әбу Һурайра: «Ана жақта Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасы таратылып жатыр. Ал сендер болсаңдар мұнда жүрсіңдер. Барып өздеріңе тиісті несібелеріңді алмайсыңдар ма?» – деді. Адамдар: «Ол мирас қай жерде таратылып жатыр?» – дегенде: «Мешітте», – деп жауап береді. Мұны естіген адамдар асыға мешітке қарай жүгіре жөнеледі. Әбу Һурайра болса (Алла оған разы болсын) олардың қайтып келгенін күтіп тұрды. Олар қайтып келгеннен кейін: «Біз мешітке барып, ішіне кірдік. Алайда, ол жерде бірдеңе таратылып жатқанын көрмедік», – дейді. Әбу Һурайра олардан: «Сонда мешіттен ешкімді көрмедіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Жоқ, көрдік. Онда біреулер намаз оқып жатса, біреулер Құран оқып жатты. Ал, біреулер өзара халал мен харам жайында әңгімелесіп жатты», – дейді. Сонда Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Сөзімнің мәнісін түсінбегендерің қандай өкінішті! Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сендерге қалдырған мирасы сол емес пе?» – деген екен.
Мешіт -бірлік пен ынтымақ мекені. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан Медине қаласына көшіп барғаннан кейін ең бірінші қолға алған ісі мұсылмандардың барлығын туыс әрі бауыр деп жариялады, сонымен қатар мешіт салдыртты. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені мешіт – адамдардың құлшылық жасап, рухани дамып, сонымен қатар өзара бауырмалдық, ынтымақ пен бірлігін арттыратын қасиетті орын. Пайғамбар мешіті салына сала түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ат басын тірейтін, екі адам дауласып қалса төрелік жасайтын, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін, халыққа насихат айтылатын рухани орталыққа айналды. Осылайша Пайғамбар мешіті мұсылмандар бас қосатын киелі ордағы айналды.
Ал мешітте тек белгілі бір адамдар тобына арнап салып, мұсылмандардың арасын бөлуге шариғатымыз тыйым салады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Құба мешітіне жақындау жерге екі жүзді мұнафиқтар ерекше мешіт салдырады. Мақсаттары мұсылмандар арасында бүлік шығарып, бірлік-ынтымақтарына сызат түсіру еді. Мешіт біткеннен кейін олар ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шақырып, намаз оқитындарға имам болуды, мешітті берекеге айналдыруды сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол кезде Тәбукке дайындалып жатқандықтан, тілектерін қабыл алмайды. Тәбуктен қайта оралғанда олар қайта келіп, тағы өтініштерін білдіреді. Дәл осы кезде олардың бетперделерін ашып, екіжүзді екендіктерін, мұсылмандарға зиян келтіруге тырысып жатқандығын білдіртетін арнайы аят түседі. Алла Тағала ол турасында қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 107-108-аяттарында:«Кейбіреулер зиян келтіру, күпірлікті күшейту, мұсылмандар арасына жік салу үшін, бұрыннан Аллаға және оның Елшісіне қарсы тұрған адамның келуіне дайындық үшін мешіт салып, «Тілегіміз тек қана игілік» деп ант су ішеді. Ақиқатында, олардың асқан суайт екендігіне Алла айғақ болады. Ол мешітте, әсте, намаз оқушы болма», – деп айтқан.
Осы ескертуден кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше адам жіберіп, әлгі үйді құлатқызып тастады. Сол себепті де мешіт адамдардың арасын бөлетін емес, оларды бірлік пен татулыққа, сыйластық пен сүйіспеншілікке шақыратын орын. Алла Тағала құдси хадисте: «Расында құлдарымның ішіндегі Маған ең сүйікті болғандары: Мен үшін бір-бірін жақсы көрген, Менің мешіттерімде болуды әдет еткен және де таң сәріде Менен жарылқау тілегендері», – деген (имам Байһақи).
Асыл дінімізде жеке оқылған намаздан жамағат намазының жиырма жеті есе сауабының артық болуының бірі сыры да адамдар бір-бірлерін жиі көріп, дидарласып, қал-жағдай сұрасып, қиналғандары болса жәрдемдесіп, өзара береке-бірліктерінің артулары үшін. Сонымен қатар мұсылмандардың аптасына бір мәрте жұма намазында мешітке барып, жиналып, жұма намаз оқулары парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Жұма» сүресі 9-аятында:«Уа, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар. Әрі сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, бұл сендер үшін жақсы», – деп айтқан. Жылына екі мәрте айт намазында да көпшілік болып жиналуымыздың мән-мағынасы осындай. Ендеше, мешіт – ұлтты ежелден ынтымаққа ұйытатын, бірлігін арттырып, рухани байытатын қасиетті мекен.