Сейсенбі, 23 Маусым 2026 13:26

Созақтық Дүйсен Ерғали «Әкелер мектебі» байқауының жүлдегері атанды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан қаласында облыстық «Әкелер мектебі» байқауы өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, әкенің қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа өңірдің үздік әкелері қатысты.

Байқау барысында қатысушылар «Таныстыру», «Өнерлі әке», «Шебер әке», ұлттық салт-дәстүр көріністері және интеллектуалдық сұрақ-жауап кезеңдері бойынша өзара бақ сынады.Нәтижесінде Созақ ауданының намысын қорғаған Дүйсен Ерғали жоғары дайындық пен жан-жақты қабілетін көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды». Қазақтың осы бір даналық сөзі бүгінгі қоғам үшін бұрынғыдан да маңызды естілетіндей. Себебі технология дамып, ақпарат тасқыны күшейген сайын бала тәрбиесінің жауапкершілігі де артып келеді. Осындай кезеңде отбасының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орны туралы мәселе жиі көтеріледі. Әке – тек шаңырақтың асыраушысы ғана емес, ол – отбасының тірегі, баланың мінезін қалыптастыратын алғашқы ұстаз, өмір мектебіндегі ең үлкен үлгі.

Қазақ дүниетанымында әкенің орны әрқашан биік болған. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалдар ұлттың бала тәрбиесіне деген көзқарасын айқын көрсетеді. Әке ұлына еңбек пен ерліктің, адалдық пен азаматтықтың мәнін үйретсе, қызына қамқорлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. Сондықтан әкенің әрбір әрекеті – бала үшін үнсіз тәрбие. Бүгінде отбасыдағы әке рөлі, әке тәрбиесі маңызды орын алып, сүйсінерлік көрініс байқалады.

Ұлттық тәрбиенің өзегінде әкенің беделі ерекше орын алған. Бұрын қазақ даласында ұл балаларды атқа мінгізіп, еңбекке баулыған, сөзге тоқтауды, үлкенді сыйлауды үйреткен де – әке. Бүгінгі заман басқа болғанымен, бұл қағидалар ескірген жоқ. Керісінше, жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтап қалудың бір жолы – әке институтын нығайту.

Мемлекет деңгейінде де әке мәртебесін көтеруге бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Әкелер кеңесі, отбасы институтын нығайтуға арналған жобалар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын іс-шаралар – мұның бәрі қоғам сұранысынан туындаған қадамдар. Бірақ ешқандай бағдарлама әкенің өз жауапкершілігін алмастыра алмайды. Балаға ең қажетті тәрбие мемлекеттік құжаттарда емес, отбасының дастарқанында, күнделікті қарым-қатынаста беріледі.

Қазақ халқы үшін отбасы – шағын мемлекет. Оның негізін ана мен әке құрайды. Әке – отбасының тірегі, балаларына пана, ұрпағына тәрбиеші. Ата-бабамыз ер адамды «асқар тау» деп бейнелеген. Әке балаларына тірек болып қана қоймай, оларды өмірге дайындап, болашаққа жол көрсетеді. Оның рөлі тек отбасымен шектелмейді, әке тәрбиелеген ұрпақ – тұтас елдің болашағы.

Бүгінгі таңда әкенің тарихи рөлін қайта жаңғырту маңызды. Себебі тарих бізге отбасы құндылықтарының өмір сүруімізге, ұлттық мәдениетіміздің сақталуына негіз болғанын көрсетеді. Әке – тек материалдық қамқоршы ғана емес, рухани жетекші де.Заманауи қоғамда әке тәрбиесі дәстүрлі құндылықтар мен заманауи талаптарды үйлестіре отырып дамуы қажет. Бала әке өнегесі арқылы рухани да, интеллектуалдық та тұрғыдан дамиды. Бұл қазақ қоғамының болашақта мықты әрі рухани бай болуына жол ашады.

Қазақ халқының тарихында әкенің орны әрдайым ерекше болған. Ол тек отбасының тірегі ғана емес, бүкіл елдің ұйытқысы ретінде бағаланған. Әке – баласына өмірлік жол көрсетуші, ал ұлы мен қызы сол тәрбиені болашаққа жеткізуші. Бүгінгі таңда да қазақ отбасы әкенің рөлін құрметтеп, оның тарихи және рухани маңыздылығын ұмытпауы керек. Өйткені әке тәрбиесі – ұрпақтың ғана емес, ұлттың болашағының кепілі.

Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде бала тәрбиесіне тартылған әке болуды дамыту бойынша бірқатар шара қабылданды. Әкелерді балаларды тәрбиелеу процесіне тартылуын арттыру міндеті Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген. Тұжырымдамаға сәйкес «қазақстандықтардың ата-ана болуға саналы көзқарасын және бала тәрбиесіне тартылған әке болуды қалыптастыруға бағдарлануы бала мен ата-аналардың эмоционалды байланыстарын нығайтуға және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейтуге, жалғызбасты ата-ана отбасыларының санын азайтуға ықпал ететін болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 63 рет