Сейсенбі, 23 Маусым 2026 11:12

Созақ ауданы «Жалпыұлттық құндылық – ел дамуы» жобасында 1 орынды иеленді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан қаласында «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Жалпыұлттық құндылық – ел дамуы» жобасының қорытынды кезеңі жоғары деңгейде өтті.

Түркістан облысының 17 аудан, қаласын қамтыған жобаға 3800-ден астам азамат қатысып, ұлттық мұра мен рухани құндылықтарды ұлықтауға өз үлестерін қосты. Облыстық деңгейдегі байқауда Созақ ауданы үздік өнерімен, мазмұнды бағдарламасымен және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі белсенділігімен дараланып, жүлделі І орынды иеленді. Байқау ұлттық киім, салт-дәстүр, ұлттық ойындар, ұлттық тағам, ұлттық өнер, қолөнер және тарих пен тағылым бағыттары бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың ұлттық мұраға деген құрметі мен шығармашылық шеберлігі сараланды.

Әрбір халықтың, ұлттың өзіндік ерекшеліктерімен мәдениеті, салт-дәстүрі ғұрыптары болады. Солардың барлығы «Ұлттық құндылық» деген ұғымға ие. Ал осы ұлттық құндылықтардың келешек ұрпақ тәрбиесінде атқаратын орны орасан зор. Ғасырлар бойы сақталып, өз мәнінен ауытқымай келе жатқан дәстүрлер бары анық. Алайда, уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, тіпті ұмыт қалып жатқандығы тағы бар. Қазіргі таңда жастар арасында ұлттық құндылықтың орны қаншалықты құрметке ие?

Ата-бабмыздан мирас болып қалған бұл ғұрыптың сақталу керектігін білседе, немқұрайлы қарайтын жастарымыздың бары жасырын емес. Осындай немқұрайлылық өз тілін, дінін, дәстүрін білмеуге, қадірлеп, қастерлей алмауға, тіпті асыл қазыналарымызды уақыт өте келе ұмытуға дейін әкелуі бек мүмкін. Төл тарихынан алыстаған адам өз тамырынан ажырайды. Сондықтан өскелең ұрпақ үшін атадан мұра болып қалған құндылықтарымызды әр біріміз дәріптеуміз қажет.                

Тарихи-мәдени мұра елдің рухани негізі ғана емес, конституциялық құндылықтар жүйесінің айрықша маңызды факторы. Бұл ұғым адамның мәдени-тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуда басты рөл атқарады. Осы ретте мәдени мұраларды сақтау және қорғау туралы елімізде атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстарға тоқталсақ.

Өткен жылдың сәуірінде өткен Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімі қайта қаралып, толықтырылғанын атап өткен еді. Қайта зерделеу нәтижесінде бұған дейін 45 элементтен тұрған тізім 79 элементке дейін ұлғайды. Бұл – ұлттық рухани қазынаны жүйелеу мен сақтауға бағытталған маңызды қадам. Материалдық емес мәдени мұра – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері, қолөнері, музыкасы, фольклоры мен ұлттық ойындары. Ол ұлттың рухани коды, тарихи жадтың тірі көрінісі. Осындай құндылықтарды Ұлттық тізімге енгізу оларды зерттеуге, қорғауға және келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне 14 элемент енгізілген. Бұл еліміздің рухани мұрасы халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді. Қазақстанда тарихи-мәдени мұра объектілерінің жалпы саны 25 мыңнан асады. Оның ішінде республикалық маңызы бар 265 тарихи және мәдени ескерткіш, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан астам ескерткіш тіркелген. Бұл көрсеткіштер еліміздің мәдени қабатының тереңдігін және тарихи сабақтастығын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстанның 10 тарихи және мәдени ескерткіші енген. Бұл нысандар тек ұлттық қана емес, адамзат өркениеті үшін құнды мұра ретінде танылған. Ұлттық тізімді кеңейту формальды статистика емес, бұл мәдени саясаттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қайта зерделеу арқылы ұмыт қалған немесе толық зерттелмеген элементтер анықталып, өңірлік мәдени ерекшеліктер ескеріліп, ғылыми сараптаманың сапасы артады, мұраларды қорғау тетіктері күшейтіледі.

Биыл Қазақстандағы Ата Заңның жаңа жобасында тарихи-мәдени мұраға ерекше мән берілгені ресми түрде айтылды. Жоба бойынша ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту мемлекет пен азаматтың міндеті ретінде нақты айқындалған, тарихи-мәдени мұраны қоғам игілігі ретінде танудың құқықтық негізі кеңейген. Бұл өзгерістер мәдени саясатты тек өнер мен ғылым саласы ретінде қарамай, қоғамның тұрақты дамуы мен біртұтастығын қамтамасыз етудің стратегиялық құралына айналдырады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бапта азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі міндетінің бекітілуі мәдениетке тұтынушылық емес, жауапты қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған норма. Бұл әрбір азаматты ұлттық мәдени мұраның сақтаушысы ретінде таниды және қоғамның тарихи жадысын нығайтуға қызмет етеді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау – бұл тек ескерткіштерді қорғау емес, ұлттың рухани негізін, тарихи сананы және қоғамның мәдени бірлігін сақтау ісі. Ұлттық Конституциялық деңгейде мұны бекіту елдің мәдени саясатындағы стратегиялық шешім екенін көрсетеді.

Тарихи және мәдени мұраны сақтау ұлттық қана емес, сонымен қатар халықаралық маңызы бар, өйткені ол мәдени әртүрлілікті нығайтуға және жалпы адамзаттық мәдениетті байытуға ықпал етеді. Бұл тұрғыда азаматтардың міндеттеріне тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтауға, қалпына келтіруге және насихаттауға жәрдемдесу, сондай-ақ елдің мәдени өміріне белсенді қатысу және жас ұрпақ арасында тарихи және мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеу кіреді. Жалпы, Қазақстан Конституциясының 40-бабы тарихи және мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығын атап көрсетеді және азаматтардың тарих және мәдениет ескерткіштерін құрметтеу, ұқыпты қарау және қолдау жөніндегі міндеттерін айқындайды. Бұл ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және елдің мәдени дамуының маңызды аспектісі болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 77 рет