Тағылымға толы шараға аудан зиялылары, ардагерлер, мәдениет саласының өкілдері, қаламгердің туған-туыстары мен ізбасарлары қатысып, журналистика мен өлкетану саласына сүбелі үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында сыр өрбітті. Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, қаламгердің ауданның рухани-мәдени өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Өз сөзінде ел тарихын түгендеп, өлкенің шежіресін хатқа түсірудегі еңбегі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра екенін жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы Сағынтай Мұсабеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Мыңжасар және «Созақ үні» газетінің редакторы Мақсат Қарғабай естеліктерімен бөлісіп, қаламгердің азаматтық болмысы мен шығармашылық ізденістеріне тоқталды. Кеш барысында қаламгердің шығармашылық мұрасынан үзінділер оқылды. Шараның тағылымды сәттерінің бірі – жазушының қызы Нұргүл Есенбекқызының әке рухына деген сағыныш пен перзенттік құрметтен туған «Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсауы кесілді.
Саналы ғұмырын журналистика мен өлкетану ісіне арнаған Есенбек Кенжеғараевтың қаламынан көптеген құнды еңбектер дүниеге келді. Атап айтқанда, «Теріскей түлектері жауынгерлік сапта», «Сахара самалы», «Мен Созақтың перзентімін», «Сырлы Созақтың сағы», «Байланыстың күре тамыры», «Мылтықсыз майдан ерлері», «Өнер өрісі» кітаптары мен Созақ ауданының 90 жылдығына орай жарық көрген «Созақ энциклопедиясы» – өлке тарихын зерделеген маңызды туындылардың қатарында. Есағаңның осы кітаптарға енген деректі жазбалары, эсселері оның жан-жақты білімділігін, кең ойлап, терең толғайтын қабілетін танытады.
Есенбек Кенжеғараев туралы аз-кем айта кетсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген ол алғашқы еңбек жолын комсомол және партия органдарында бастаған. Баспасөз саласына келгенге дейін Ащысай поселкелік кеңесі атқару комитетінің хатшысы, Созақ аудандық партия комитетінде идеология бөлімінің нұсқаушысы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, аудандық кино көрсету кәсіпорнының басшысы, «Қаратау» кинотеатрының директоры қызметтерін атқарды. 1995 жылы ауданда тұңғыш рет ашылған «Созақ теледидары» редакциясының бас редакторы, 2001-2009 жылдары аудандық «Молшылық үшін», «Теріскей» газеттерінің бас редакторы, 2010 жылы «Нұрлы Созақ» телеарнасының бас редакторы болды.
Қатардағы тілшіліктен ұжым басшысы, газеттің бас редакторына дейінгі жолды жүріп өтті. 50 жылдық журналистік өтілінің басым бөлігінде бас редактор болып, ұзақ жылдар бойы аудандық газеттің тізгінін ұстады. Ұжымның ұйытқысы болды. Егемен елдің еңселі, баспасөзінің беделді болуына қаламы жүрдек журналист, істің көзін таба білетін басшы ретінде сүбелі үлесін қосты. Тәуелсіздіктің тәтті сөз емес, ұлттық жауапкершілік екенін оқырмандарға ұғындыра білді. Әріптестерін осынау инемен құдық қазғандай бейнетті жұмысқа жұмылдыра білді. Елдің ертеңі таразыға тартылған жылдары қалам қарымын да, азаматтық алымын да сарқа жұмсады. Соның нәтижесінде ол басқарған ұжым өзі тектес басылымдар арасында алдыңғы қатарлы газетке айналды. Міне, осының бәріне Есенбек Рысбалаұлының ойлы ұсыныстары, озық идеялары ықпал етті.
Есенбек Кенжеғараев Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінің бас редакторы болған кезінде басылымның бағыт-бағдарын жаңаша түрлендіріп, оқырман алдындағы міндетін мүлтіксіз атқара білді. Газет материалдарының ішкі мазмұнын айтпағанда, сыртқы формасының өзі өзгеше сипат ала бастады. Көлемді мақалалардан гөрі ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты жедел ақпараттар алға шықты. Өзекті тақырыпты қозғаған өткір материалдарға, газет макетінің безендірілуіне ерекше екпін берілді.
Оқырман алдында беделі бар басылым бір күнде туа салмайды. Газеттің өзіндік бет-бейнесі мен позициясын қалыптастыру бас редактордан үлкен қажырлылық пен қайраткерлікті талап етеді. Міне, Есенбек Кенжеғараев редактор болған «Молшылық үшін» және «Теріскей» газеттері оқырмандарын қуатты қолтаңбасымен, ой еркіндігімен баурады. Осы газеттерден журналистердің бірнеше буыны өсіп шықты. Кейінгі толқынның қамқоршы ағасы, үлгі алар тәлімгері болды.
Халықтың құрметі өзгеше бір әлем. Еңбектің еленуі деген де бір ұғым бар. Есенбек Рысбалаұлының жемісті еңбегі «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, халықаралық «Таңдаулы адамдар» энциклопедиясының арнайы төсбелгісімен атап өтілді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, Қазақстан Журналистер конгресінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Мәдениет саласының үздігі, Созақ ауданының құрметті азаматы атанды. Басқа да марапаттары бір төбе. Құдай қосқан қосағы Күнімхан апамыз да ерінің қас пен қабағына қарап өтті. Ағайын-туғанға, үлкен-кішіге қонақжай үйдің есігі әр кез ашық болды. Екеуі алтын асықтай үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білім алып, әке салған сүрлеумен келеді.
Есенбек Рысбалаұлы жетпіс жеті жыл ғұмыр кешті. Ол туралы әлі де талай естеліктер, эсселер жазыла жатыр. Оның болмысы, шыққан биігі, жеткен жетістігі, қаламгерлік қарымы жайлы әлі талай әңгіме айтылар. Бірақ, бір анығы, оның өнегелі өмірі, шынайы шығармашылығы кейінгілерге бағдаршамдай болашақты меңзеп тұратын болады. Мынау жарық дүниедегі адам өмірінің мән-мағынасы үш түрлі өлшеммен бағаланатын көрінеді. Оның біріншісі – жасаған жасы, екіншісі – істеген ісі, елге сіңірген еңбегі, үшіншісі – өмірден өткеннен кейінгі елінің есінде қалуы. Осындай өлшемдермен қарағанда, Есенбек Кенжеғараев адам деген атқа кір шалдырмаған, тіршілігінде қарызы мен парызын өтеп кеткен азамат деп айта аламыз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат