Ислам діні – адамдарды татулыққа, бірлікке негіздейтін дін. Қазіргі таңда Ислам атын жамылып, адамдарды түрлі сенімге адастырып, өз мүдделерініңорындалуын үгіттейтін жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқыбірлігіне сызат түсіріп, алауыздық отын өршітер індет іспеттес болып кеткенағымдар аз емес.
Соңғы кездері ел ішін жайлаған, жаңашылдық әкелмек болған деструктивті ағымдар кең таралуда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен адамдар хақ дін мен қара ниет ағымның арасын ажырата алмай дал. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, халқымыздың салты мен дәстүріне керағар дүние жасап жатқандар аз емес. Жат ағымды жақтаушылар арасында жасөсіпірімдер де жиі кездеседі. Жастарымыздың осындай қателіктерге ұрынуына басты себеп – дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алмай ғаламтор беттеріндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіруі. Діни сауаттылығы әлсіз адамдарды бұл үлкен қатерге алып баруда. Ұлттық құндылықтарымызға, ұстанып отырған салт-дәстүрімізге қайшы келетін жат ағымдар қоғамға да адамға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда, Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық №13 Ә.Науаи атындағы мектеп гимназияның оқушыларымен кездесу өтті. Мамандар оқушыларға діни экстремизмнің, теріс пиғылды діни ағымдардың зияны жайлы айтып берді.Діннің атын жамылған жат ағымдардың құрығына діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар, қиындық көріп жүрген жастар алданып, түсіп жатыр. Оларды Отанына, отбасына, дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Өздерінің істеген әрекеттерінің дұрыс екенін дәлелдеу мақсатында қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, адамдардың санасын улап, теріс идеология таратады. Ал, бауырмалдылыққа баулитын шынайы діни жол ешқашанда зұлымдық пен әділетсіздік бой алдыруға, адам баласын жазықсыз өлтіруге жол бермейді. Радикалды топ мүшелері діттеген мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайсалмайды. Құранда дұрыс деп көрсетілген жайттарды ескермей, керісінше харам деп санайды. Бұл ағымдағылар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға әрекет жасайды. Сол үшін өз қатарына адамдарды қосу жұмыстарында өтірік арбап, мәліметті бұрмалап жеткізу, психологиялық айла-тәсілдер қолдану арқылы жастардың санасына кері ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар жақтастарының санын көбейту барысында кез келген әрекетке баруы шартты дүние. Сондықтан да кездесулер «Жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдардың ықпалының алдын алу», «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу», «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, кереғар діни ағымдар мен секталардың іс-әрекеттерінің алдын алу», «Зайырлылық – Қазақстанның қоғамдық рухани дамуының кепілі», «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы», «Деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі және көріністерінің формалары», ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында конфессияаралық келісімді жаңғырту идеясы, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына» шолу, «Деструктивті және экстремистік ұйымдардың жақтаушыларының рухани-психологиялық портреттерінің өзгешеліктері», «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы, тағы басқа да заңдылықтармен нормативтік құқықтық актілер тұрғысында түсініктеме беру, «Рухани жаңғыру және діни сана», «Ғаламтор мәдениеті: деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтану жолдары», «Дін – рухани жаңғырудың өзегі» тақырыптарында өткізілді. Жастармен кездесу барысында қазіргі таңдағы еліміздегі діни ахуал, кереғар діни ағымдардың ықпалының алдын алу, ғаламтор желісін дұрыс пайдаланудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бөтен ойлыларға дінге қызығушылығы төмен адамдардың санасын улау оңай. Өздерінің көмек көрсетуге дайын екенін көрсетіп, жақсылық жасаған сияқтанады. Жақсылық жасап отырған себебін дінге беріктігімен байланыстырады. Осылайша сол адамның жанашыры болып көрініп, тығыз қарым-қатынас жасауды мақсат тұтады. Өз топтарына қосып алған соң санасын байлап, көзіне шел бітіреді. Әр қадамын қадағалап, басқа жақтан ақпарат алмауын негізге алады. Осылайша өз ақпараттары арқылы адам санасын қалыптастырады. Олардың арбауына түскен адамдар радикалды топ мүшелеріне бауыр басып, ең жақын адамдары санай бастайды. Сол мезетте санасы байлаулы тұрған жастарды Отанына, ата-анасына ағайын-туыстарына, достарына, айналасындағы үйреншікті болған жайттардың барлығына айдап салып, бойында өшпенділікті оятады. Өзінің өмірін қиюға дайын болатын деңгейге жеткен соң өзгелердің өмірін, ата– ана, бауырларының өмірін ойланбай қиюға дайын тұрады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарынан соң, әсіресе, 14-25 жас аралығындағы жастар аутоагрессивті әрекеттерге сезімтал екені анықталған. Жасөспірімдердің санасы енді қалыптасып келе жатқандықтан, кез келген жаңа нәрсені қабылдауға дайын тұрады. Бұл кезеңде мінез-құлық белгілерінің көрінуіне әсер етуші бірден бір фактор – оның ата-анасы және отбасындағы жалпы психологиялық ахуал. Егер әрбір ата-ана осы шақта дұрыс көңіл бөліп, тәрбие беріп, баласымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, сонымен қатар материалдық және рухани құндылықтармен қамтамасыз ететін болса, жасөспірімдерде болатын ауытқушылықтар мен ауытқу ахуалдарының алдын алуға мүмкіндігі болады. Жасөспірімнің психологиясы енді қалыптасып жатқан тұста санасына дұрыс қасиеттерді сіңіру қажет. Тәрбие арқылы жаман әдет пен теріс қылықтан тазартып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімге бай адам етіп қалыптастыру қажет. Осы ретте еліміздегі дін саласындағы заңнамалар, тұжырымдама мен бағдарламаларға да шолу жасалады. Жастарға салт-дәстүрге құрметпен қарау, теріс діни идеологияның әрекеттерінен сақтану, діни сергек болу керек екені түсіндіріліп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға дінтанушы, теолог мамандардың тарапынан толыққанды жауап берілді. Қорыта келе деструктивті ағымның шырмауына түспеуі үшін дер кезінде діни сауаттылығын арттыру қажет екені анықталды. Діни білімді дұрыс толықтыру маңызды мәселенің бірі. Деструктивті ағымдар мемлекеттік принциптерге сай келмейтін құбылыс. Мемлекетшілдік пен ұлттық құндылықтарды мойындамай, өзіндік идеологияларын қоғамға сіңіруге әрекет жасайтын топ бүкіл әлемге тән проблемаға айналды. Сондықтан, діннің атын жамылып, қоғамдағы аз қорғалған, ойлау жүйесі толық қалыптаспаған жастардың арасында мемлекеттің өткені мен бүгініне, баянды болашағына күдікпен әрі сенімсіздікпен қарайтын идеяның тарамауы үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар өз өзектілігін жоғалтпай, сақтауы тиіс. ҚМДБ қазіргі таңда дұрыс бағыттағы дәстүрлі дінімізді насихаттау барысында қыруар жұмыстар атқаруда. Мектептерде 9 сынып оқушыларына дінтану пәнінің енгізілуі де тиімді жоспар. БАҚ-та экстремизм тақырыптарын болдырмау барысында, халықтың құқықтық санасын қалыптастыру үшін де атқарылып жатқан шаралар аз емес. Білместіктен кері ағымдарға еріп кеткен жастарға дін мамандарының дұрыс дәлелдер келтіріп, дұрыс бағытқа жетелеуі маңызды. Сондықтан, ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі рухани ағарту сабақтарында, дін тақырыбындағы өзекті мәселелерді талдау барысында дәстүрлі Ислам дінін ұстанушылар оқ бойы озық тұруы тиіс. Сол үшін интернеттен көргенін жасайтын жас сана үшін жақсы, саналы саясат керек. Дәстүрлі Ислам дінінің қағидаттарын әр азамат дұрыс меңгеруі қажет. Жасөспірім жастар дінді өзгеден емес, отбасынан үйренгені абзал. Сонда ғана жат идеологиядан балаларыңызды арашалап қаласыздар.