Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 14:53

Созақ ауданы: Шолаққорғанда 200 орындық спорт кешенінің құрылысы басталды

Созақ ауданының орталығы, Шолаққорған ауылынан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай.

Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуінде көтерілген мәселеден соң құрылысы қолға алынған заманауи спорт кешенін келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның құны 2 млрд. 65 млн. теңгені құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев пен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековпен бірге заманауи спорт кешенінің құрылыс алаңында болды.

- Созақ ауданына былтырғы сапарымда, осы ауданның тумасы, Мұрат есімді жаттықтырушы азамат Шолаққорған ауылында спорт сауықтыру кешенін салу жөнінде ұсыныс көтерген болатын. Аталған ұсыныстың маңыздылығын ескере отырып, Шолаққорған ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша шешім қабылданды. Спорт кешенінде футзал, бокс, күрес залы, 25 метрлік бассейн, сондай-ақ, кешеннің сыртқы аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жеңіл атлетика жолы қарастырылған. Бұндай заманауи үлкен спорт кешені сіздердің ғана аудандарыңызда бой көтеріп жатыр,-деді Дархан Сатыбалды.

Созақтықтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 6 балалар ойын алаңшасы, 7 кіші футбол алаңшалары және 6 стрит воркаут алаңшасы салынған. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетті.

Қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Кешен пайдалануға осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады (жоба құны 483 млн. теңге). Бұдан бөлек, Қаратау ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысан биылғы жылдың қыркүйек айында тапсырылады (құны 93,4 млн. теңге).

Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген. Түркістанда жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отыр. Оны спортшылардың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, сынды басқа да спорт түрлеріне қызығушылық артуда.

Өңірде өткен жылдыңқорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келсе, арнайы ашылған www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш береді. Жергілікті уәкілетті органдар қызмет көрсетушінің талапқа сәйкестігін тексеріп, порталға енгізеді. Өз кезегінде ата-аналар да баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе,  аталған портал арқылы өтініш беруіне болады. Порталға тіркеліп, өз шағын ауданындағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзі таңдап алады. Содан кейін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен медициналық анықтаманы дайындап өткізсе болғаны, баласы спорт секциясына тегін барады.

Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 326 рет