Бейсенбі, 17 Қазан 2024 08:23

Шымкенттік оқушылар ұлттық ойындарда сайысқа түсті

25 қазан - Республика күніне орай, Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайына қарасты аула клубтарының қатысуымен ұлттық ойындар жарысы ұйымдастырылды. Іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында өтті.

Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық ойындарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жастар арасында ұлттық рухты оятып, мәдени мұраға деген құрметті арттыру.

Жарысқа алты аула клубының балалары қатысты. Олар ұлттық ойындар — «Жаңылма», «Тақия тастамақ», «Дәл басу», «Асық», «Бәйге» және «Жаяу тартыс» бойынша бақ сынасты. Бұл ойындар балалардың ептілігі мен тапқырлығын сынап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге ықпал етті.

Іс-шараның қорытындысында жеңімпаз топтар анықталып, оларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

«Жаңылма» — ұлттық ойын. Бір топ бала көгалды алаңға, не мектеп ауласына жиналып келіп, қол ұстасып, дөңгелене тұрады да, ортасынан санамақ айтып бір баланы ортаға шығарады. Шыққан бала өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып кез келген жерінде жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, басын сипайды, тағы сол сияқты іс-әркеттерді жасайды. Оның өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып істеген қимылдарын қайталай алмай қалған бала айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді.

Ойын балаларды творчестволық ынтымақтыққа, аңғарымпаздыққа үйретеді.

Тақия тастамақ — тақиямен өтетін қазақтың ұлттық ойыны. 

Біріншісі, бұл ойын дене шынықтыруспорт залында, мәдениет үйінде өткізіледі. 

Екіншісінде, ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар, шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, біреулеріңнің артына білдіртпей, тақияны тастап кетеді. Егер қатысушы сезіп қойса, жүргізушіні қуып жетуі керек. Ал, жүргізуші қуған баланың орнына келіп тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді.

«Дәл басу» — ұлттық ойын. Бұл ойыншының көп-аздығына қарамай жиналғандардың қатысуымен ойнала береді. Балалар жиналып болған соң, бір бала тас не кішкене орындық сыңылды затты тікесінен қойып, осыны дәл басу үшін балалардың көзін кезекпен байлап, 15—20 қадамдай жерге апарып тұрады. Көзін байлаған бала қадамдап келіп, тігулі тұрған нәрсені дәл төбесінен басуы керек. Баса алмаса, айып тартады. Кім дәл басса, сол бала жеңіп шығады.

Ойын көгалда, жазық алаңда, тегіс аулада өткізіледі. Ойын бағдарлай білуге, сезімталдыққа үйретеді.

Асық ойындары — Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты қалыптасқан. 

«Жаяу тартыс» ойынына қатынасушылар екі-екіден ортаға шығады да, екі басы біріктіріліп түйілген арқанды екеуі бірдей екі жағынан мойындарына іліп, екі қолтығының астынан жібереді де, екеуі екі жаққа қарай еңбектеп, күні бұрын белгіленген жерге дейін бірін-бірі тартып жеткізулері керек. Қайсысы сүйреп, жеткізсе, сол ойыншының ұтқаны болып есептеледі. Әдетте, бұл ойынға өзіне-өзі сенімді, дене күші мығым жігіттер күш сынасу үшін қатынасады.

Оқылды 84 рет