Жексенбі, 28 Маусым 2026 23:17

Түркістан: Қазақстан жастар құрамасы Бекзат Саттархановтың рухына тағзым етіп, ақ бата алды

Индонезияның Джакарта қаласында өтетін бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатына дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы екі апталық оқу-жаттығу жиынын Түркістан қаласында өткізді. Бас бапкер, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін құрама осы кезеңде спортшылардың техникалық-тактикалық шеберлігін шыңдап, халықаралық дода алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтады.

Оқу-жаттығу жиыны аяқталғаннан кейін ұлттық құраманың спортшылары мен жаттықтырушылар құрамы қазақ боксының мақтанышы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың рухына тағзым ету мақсатында арнайы тағылымды іс-шараға қатысты. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың бастамасымен ұйымдастырылған кездесуде құрама мүшелері алдымен Олимпиада чемпионының шаңырағына барып, анасы Сырлыкүл Саттархановамен жүздесті. Ел спортының абыз анасына айналған Сырлыкүл апа жастарға ақ батасын беріп, ел намысын абыроймен қорғауға, жеңіспен оралуға тілектестігін білдірді.

Тағылымды кездесуден кейін ұлттық құрама Бекзат Саттархановтың мәңгілік мекеніне барып, Құран бағыштап, қазақ боксының аңыз тұлғасының рухына құрмет көрсетті. Мұндай рухани кездесулер жас спортшылардың патриоттық сезімін нығайтып, ел тарихында өшпес із қалдырған чемпиондардың өнегесін бойға сіңіруге зор ықпал етеді. Бұл – Азия чемпионаты қарсаңында жастар құрамасына рухани серпін берген, тәрбиелік мәні зор игі шара болды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 67 рет