Бейсенбі, 25 Маусым 2026 22:14

Түркістанда жастар арасында аударыспақтан облыс чемпионаты өтті

Түркістан қаласындағы заманауи атшабарда 2006–2008 жылы туған жастар арасында аударыспақтан Түркістан облысының чемпионаты өтті. Облыстық біріншілікке өңірдің Сарыағаш, Келес, Шардара және Төлеби аудандарынан келген 48 спортшы қатысып, 9 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Дода Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Мектеп директоры Жаныс Саевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған жарыс ұлттық спортты дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және дарынды балуандарды іріктеуге бағытталды. Тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздік өнер көрсеткен спортшылар Түркістан облысының құрама командасына шақырту алды. Енді олар алдағы республикалық жарыстарда өңір намысын қорғайтын болады.

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.

Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут.

Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 66 рет