Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Түркістан облысының спортшысы Ермек Құралбай қарсыластарының бәрінен басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Осылайша ол өз мансабында екінші мәрте әлем чемпионы деген мәртебеге ие болды. Жеңімпазды туған жерінде Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің ұжымы салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. Түркістан қаласындағы атшабарда ұйымдастырылған осынау кездесуде жанкүйерлер мен спорт сүйер қауым чемпионға ақжарма тілектерін арнап, демеушілердің қолдауымен тұлпар мінгізілді.
Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Ермек Құралбай алдағы басты мақсаттарының бірі – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көріну екенін айтты. Айта кетейік, Ермек Құралбай – Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірті. Оның жеке бапкері – даңқты балуан Сырым Ізбасаров. Түркістан спортының мерейін асқақтатқан әлем чемпионын шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат