Жұма, 06 Шілде 2018 16:41

Бұхарбай Парманов Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі болып тағайындалды

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған соң қала әкімдігінде кадрлық ауыс-түйістер орын алатыны айтылып жүр еді. Жұртшылықтың болжамы тура келіпті. Осы аптада қала басшысы бірқатар лауазымды қызметке жаңа басшыларды тағайындады.

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 33 сессиясында депутаттар Абай ауданының әкімі лауазымына үміткер Бұхарбай Пармановтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Бұхарбай Рысқұлұлы 1962 жылы туған. Жоғары білімді, мамандығы бойынша экономист. Еңбек жолын 1980 жылы Ленин ауданы Әлішер Науаи колхозының колхозшысы болудан бастаған. Мемлекеттік қызметті 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисті болудан бастады. 1987-1988 жж Ленин аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисті, 1988-1989 жж Ленин аудандық қаржы бөлімінің аға салық ревизоры-инспекторы, 1989-1990 жж. Ленин аудандық қаржы бөлімінің бас салық ревизоры-инспекторы қызметтерін атқарды. 1994-2002 жж аралығында Салық және қаржы полициясы органында қызмет атқарған. 2007-2014 жж ОҚО Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, 2014-2016 жж Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2016 жылдың 12 тамызынан бүгінге дейін Төлеби ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.

Бұхарбай Рысқұлұлына жаңа қызметінде табыс тілей отырып, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаланың мегаполис мәртбесіне сай гүлденуіне үлес қосады деген сенімдеміз.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 12364 рет