32 МЫҢНАН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕР ПАЙДАЛАНАТЫН МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов салықтық түсімдердің орындалуы, уәкілетті органдармен іс-қимыл негізінде бекітілген жол картасын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтер бойынша баспасөз брифингін өткізді.

Қалада биыл 5 айдың көлемінде бюджет қазынасына 212,4 млрд теңге түсім түсіп, жоспар 109 %-ға артығымен жүзеге асқан. Жергілікті бюджет 121 пайызға немесе 22,4 млрд теңге артығымен орындалған.

—Салық төлеушілердің бюджет алдындағы қордаланған қарыздары жыл басында 1,4 млрд теңге құраған. Бүгінгі таңда 490 млн теңге берешек сомалар өндірілді. Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі — халыққа сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызметтер көрсету. 43 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде, - деді С.Ешанқұлов.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы іске қосылған еді. Бүгінгі таңда қала бойынша қосымшаны 32 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда. Қосымшаның негізгі мақсаты — жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету. Сонымен қатар, жеке тұлғалар үшін «Е-Salyq Азамат» мобильді қосымшасы көмегімен бірқатар қызметтер алуға болады.

Сондай-ақ, шаһарда тұрғын үй нысандарын уәкілетті органда тіркету үшін 6785 үй салынған жер учаскесін түгендеу, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру (жер, мүлік салығы) бойынша хабарлама жіберу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Айта кетейік, Шымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы ашылды. Орталықта кәсіпкерлерге сервистік қызметтерден басқа, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыру, лицензиялаудың түрлері, рұқсат беру құжаттары сияқты мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 800-ДЕН АСТАМ ҚЫЗМЕТ ТҮРІН ҰСЫНАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Кәсіпкерлер енді барлық қызметтерді бір жерде және бір өтініш бойынша алады. Бүгін Шымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы ашылды. Орталықта кәсіпкерлерге сервистік қызметтерден басқа, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыру, лицензиялаудың түрлері, рұқсат беру құжаттары сияқты мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі.

Ашылу салтанатына «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиал директорының міндетін атқарушы Қайрат Меңлібеков қатысты.

– Шымкенттегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы – елімізде ашылған екінші орталық. Біріншісі жақында Астанада пилоттық режимде ашылған болатын. Болашақта бүкіл Қазақстан бойынша орталық ашу жоспары бар. Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталықтарын енгізу халықтың кәсіпкерлік сауаттылығын арттыруға, барлық кезеңдерде кәсіпкерлерді кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ бір терезе қағидаты бойынша қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл жоба «Атамекен» Ұлттық палатасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумның аясында және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдаумен жүзеге асып отыр, –дейді Т. Нақыпбеков.

Айта кетейік, жаңа орталықта заңды тұлғалар 800-ден астам қызмет түрлерін ала алады. Оның ішінде ЖШС ашу, рұқсат құжаттарын рәсімдеу сияқты мемлекеттік қызмет түрлері де бар. Қызметкерлер кеңес көрсетіп қана қоймай, кәсіпкерлерді Халыққа қызмет көрсету орталығына барудан босатып, қызметтерді өз бетінше қалыптастырады. 

Отырар ауданы: ата-аналар мен мұғалімдерге қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

Бекітілген кестеге сәйкес Отырар ауданында 26.05.2023 жылы өткізілген жиын барысында Отырар ауданы ТЖБ бастығы азаматтық қорғау майоры М.Кемелханов ата-аналар мен мұғалімдерге «Судағы қауіпсіздік», «Орман-тоғай, дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі» және «Балалардың қауіпсіздігі және терезеден құлауы» тақырыптарында түсіндірме жұмыстарын жасап, ескертті.

Қазығұрттық төтеншеліктер оқушыларға түрлі жағдайлардағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Қазығұрт ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушыларымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

ШЫМКЕНТТЕ ГАЗ ҚАЖЕТТІЛІГІ ӨЗ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкентке осыдан бес жыл бұрын магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың текше метр болса, халықтың қажеттілігі 323 мың текше метрді құрайтын. Электр энергиясында да осыған ұқсас мәселе, қала тұрғындары тәулігіне 330 мВт жарық қуатын қолданып келген. Ал, негізгі қажеттілік 455 мВт. Шымкент халқы 270 мың текше метр табиғи газ қажеттілігі болғанымен тәулігіне 180 текше метр газды тұтынып келді.

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жалпы қаладағы 297 мың халыққа ауыз су, 308 мың халыққа электр энергиясы және 257 мың тұрғынға табиғи газ жеткізу мүмкіндігі болмапты. Мұндай күрделі мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленген.

–Жолдардың сапасы бойынша да бірнеше өзекті мәселе болатын. Қаланы инфрақұрылыммен қамту жөнінде арнайы жол карта әзірленіп, жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып жатыр. Соңғы 5 жылда инженерлік - инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд теңге бағытталып, оның 87 пайызы немесе 166 млрд теңгесі соңғы үш жылда бөлінді. Нәтижесінде, 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 қосалқы станция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында да оң нәтижеге қол жеткіздік. Жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты, - деді М.Әйтенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингте.

Шаһарда 2022 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту деңгейі 98, электрмен қамту 98, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетті. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газ тарту құрылыстары аяқталып, қала халқы 100 пайыз көгілдір отынға қол жеткізеді.

 

ШЫМКЕНТТЕ 750 ОРЫНДЫ БЕС ӨНЕР МЕКТЕБІ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласында соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған. Бұл туралы Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

–Үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз. 134 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылды. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі,– деді М.Әйтенов.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-еуі биыл пайдалануға берілетіндігін, үш Cауықтыру лагері және  750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда екендігін атап өтті.Тілге тиек етейік, қала әкімдігі мектепке дейінгі мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңартуды жоспарлап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту саласының 7000-нан астам  педагогі біліктілігін арттыру курстарынан, ал 1500-ден астам педагог қайта даярлаудан өтеді. Кейінгі үш жылда 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 38  мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынады.  Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.

ШЫМКЕНТТЕ 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ БОС ЖҰМЫС ОРНЫ БАР

Шымкенттегі Арбатта «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан жәрмеңкеде биыл қаладан және республиканың өзге өңірлерінен, жалпы 120 жұмыс беруші мекеме 5000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Сонымен қатар, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері Enbek.kz электрондық еңбек биржасы ұсынған бос жұмыс орындарын халыққа таныстырды. Еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеген азаматтар медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына жолдама алады.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, жұмыс берушілер ең бастысы еңбек құқығының бұзылмауына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, солтүстік өңірлерден келген жұмыс беруші мекемелер де жәрмеңкеге қатысты. Былтыр 5 өңірден келсе, биыл 7 өңірден, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын ұсынып, шарттарымен таныстырды.

–Мұндай шаралардың жоғарғы оқу орнын тәмамдап, мансап жолын бастаған жастар үшін маңызы зор. Оларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылуда, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.

Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер де іс-шараның мүмкіндігі көп екенін айтады. Биыл үшінші рет қатысып отырған "INTELLEKT" жалпы орта мектебінің басшысы Қанат Сәрсенұлы былтыр 3 мұғалімді осы жәрмеңке арқылы жұмысқа қабылдаған.

Балмаржан Нарбекова биыл 57 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп, бүгінде 20 мыңға жуық адам қамтылған. Сондай-ақ, қалада іске асырылып отырған Ұлттық жобалар шеңберінде және жеке кәсіпкерлердің жеке бастамасымен «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша биыл 23 420 жұмыс орыны (тұрақты – 22 044, уақытша – 1376) құрылады. Қазірдің өзінде 10 043 жұмыс орны ашылған.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ САЙЫН ЖОЛ САЛУШЫЛАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

Бұл туралы "Жол актвтері ұлттық сапа орталығы" РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков мәлімдеді. Осыдан 4 жыл бұрын Шымкент қаласында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге кеміген.

– 2019 жылы тексерілген жолдардан - 750, 2020 жылы - 1186 ақау тіркелген. Ал 2021 жылы - 374, былтыр - 277 ақау шықты. Жол сапасына кәсіби диагностика жасайтын мекеменің арқасында Шымкент қаласында соңғы 4 жылда 355,5 млн теңгенің жұмысы қайта істеліп, 19 техникалық қадағалаушы жауапқа тартылған. Жол салушы мердігерлердің жауапкершігі күшейгенін осыдан байқауға болады, - дейді Мұхтар Дүйсембеков.

Соңғы 4 жылда ұлттық сапа орталығы мамандары 1159 рет тексеріске шыққан. Жаңадан салынған немесе күрделі және орта жөндеуден өткен 714 нысан құрылысы қадағаланған, 4480 сынама алынған. Нәтижесінде 2587 ақау мен кемшіліктер анықтады. "Жол активтері ұлттық сапа ортылығы" халықпен әрдайым байланыста. Бұл бойынша 8 7172 736-736 телефонына еліміздің кез келген аумағынан тәулік бойы қоңырау шалып, өз арыз-шағымдарыңызды қалдыра аласыздар!

Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНА ҰЙЫМДАРЫН МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚПЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 79%

Шымкентте соңғы 4 жыл ішінде 12 жекеменшік емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайған. Бұл туралы Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

–Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсатымыз – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 19 млрд. теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан бері жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға, нәресте өлімі 20,6 пайызға төмендеді, ана өлімі тіркелмеген, – деді М.Әйтенов.

 

Сондай-ақ қала әкімі, 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана, жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы, 6 медициналық орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы көрсеткіштеріне назар аударсақ, атқарылған жұмыстар көңіл көншітерліктей. Денсаулық сақтау басқармасының ведомствалық бағынышты 33 медициналық ұйымы бар. Оған 12 емхана, 15 аурухана, 6 басқа да ұйым кіреді. Олар – диагностикалық орталық, медициналық колледж, қан орталығы, ЖЖС, балалар үйі және ЖИТС орталығы. Қалада тәуліктік 4 125 төсектік орын болса, күндізгі стационар 1 959 төсектік орынмен жабдықталған.

Бүгінгі таңда қалада 4 760 дәрігер қызмет етеді. 10 мың халық­қа шаққанда дәрігер саны 42,1-ді құрай­ды. Сонымен бірге 10 мыңнан астам орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді. Олардың үлес салмағы 10 мың халыққа шаққанда 92,8-ге тең.

Шымкент қаласының тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 жаңа – №14 Емдеу орталығы, «Дария Медикус», «Саби Мед» және «Турлан Медикал» деп аталатын меди­циналық орталықтар ашылып, 50 мың ха­лықты медициналық қызметпен қам­та­масыз етуде. Сонымен қатар бір дәрігер­дің жүктемесі 1 616-ға дейін төмендеді. Ал жоспар бойынша 1 700-ден аспау қажет.

 

ШЫМКЕНТТЕ БЕС ЖЫЛДА 900 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

 

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз брифингте мәлімдеді.

М.Әйтенов қала халқын инфрақұрылыммен қамтуда бірінші кезекте, ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін шешуге көңіл бөлінгенін айтты. Аталған мәселелер шешімін тапқан соң көлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп жатыр.

–Қалада тұрғындар тарапынан жолдардың сапасы мен көлік кептелістеріне байланысты көптеген сындар айтылды. Аталған салаға ауқымды қаражат қажет етуіне байланысты ірі жобалар кейінгі жылдарға шегеріліп келді. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды. Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға беру көзделіп отыр, - деді қала әкімі.

Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жетпек.

Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.