Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттіктерді Астана күні мерекесімен құттықтады
Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!
Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары! Сіздерді еліміздің мақтанышы - Астана қаласының 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Тарих үшін жиырма жыл қас-қағым ғана сәт. Ал, ғаламат өзгерістер өлшемімен салыстырсақ, бұл аз уақыт емес.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық шешімі мен ерен еңбегінің нәтижесінде бүгінде Астана әлем таныған әсем қалаға айналды. Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы батыл қадамы стратегиялық, экономикалық және жалпыұлттық маңызға ие баламасыз бастама болды. Еліміздің елордасын ауыстыру арқылы біз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін қамтамасыз еттік.
Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін орталық. Елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің өтуі толық дәлел бола алады. Өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі Астананың әлемдік аренадағы абыройын асқақтата түсті.
Астана – Сарыарқа төсіндегі XXI ғасыр ғажайыбы. Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Астана – Еуразия жүрегіндегі ару қала!
Құрметті шымкенттіктер!
Бүгінде Шымкент қаласы Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қала статусын алып, мегаполис атанды. Шымкент қаласын дамытудың жаңа дәуірі басталды. Шырайлы Шымшаһар Астанаға қарап бой түзейтін болады. Алдымызда жауапты міндеттер мен жоспарлар тұр. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы мен жаңашылдығы арқасында біз осы міндеттердің бәрін еңсереміз деп ойлаймын. Осындай тарихи шешім қабылдаған Елбасыға Шымкент халқы атынан алғысымызды білдіреміз.
Астананың 20 жылдығы құтты болсын! Отанымыздың жүрегі – Астана мәңгі жасай берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!
Ғабидолла Әбдірахымов,
Шымкент қаласының әкімі
- Бөлім:  Билік және саясат
- 0