Жиынға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Қабылан Елеусізов қатысып, игі шараның маңыздылығы жайында атап өтті. Салтанатты шараға Кенесары Қасымұлының ұрпақтары Барзу Кенесары, Болат Смалпов келіп, игі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Тарихқа сүйенсек, Қарнақ қалашығындағы медреседе Қызылжар, Қарағанды, Атбасар қалаларынан екі жүзге жуық қазақ балалары келіп білім алған. Одан бөлек, Мұса Байзақұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды қазақ халқының зиялылары да тәлім алған. Солардың бірі де бірегейі - Кенесары Қасымұлы.
Көкшетау қаласында «Хан ордасы Кенесары ұлттық қаһарман» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы өткен болатын. Нәтижесінде 16 шешім қабылданып, соның бірі Кенесары Қасымұлы оқыған Қарнақ қалашығындағы медресеге ескерткіш тақта орнату туралы сөз болған.
Сондай-ақ, Отаршыл империяға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ескерткіші шежірелі Меркі жерінде бой көтерді. «Алашта Кенекеме ер жетпейді!» деп ақын Мағжан жырлағандай, қазақ тарихында өшпес із қалдырған тау тұлға ескерткішінің ашылу салтанатына жергілікті зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты.
Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім - екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», - деді.
Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.
1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.
Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат