Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024 17:11

Түркістандағы «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы паркінде өткен шаққа саяхат жасауға болады

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай-паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жобаның жалғасын талқылау үшін құрылыс басында жауаптылармен жолықты. Басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырмалар берді. Жұмыстарды ширатуды жүктеді.

Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр. Теңдесі жоқ жоба ел назарын аудартары сөзсіз. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарына баса мән беруді, қалашықтағы құрылысты тарихшылармен кеңесе отырып жүргізуді тапсырды. Күмбездің темір конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Облыс әкімі айналасына жол салу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи мұра болғандықтан, оның аумағындағы жұмыстар қатаң қадағалануы тиіс. Бұл қалашықтың әр тасы – тарих. Жұмыстар тарихи жәдігерлерге зиян келтірмеуі тиіс. Көгалдандыруға аса мән береміз. Айналасы жасыл желекке оранып, туристерді баурап алатындай болуы керек. Бой көтеретін жаңа нысандардың сапасына баса назар аудару қажет. Тарихи әрі туристік нысанда тұтас бір үйлесімділік болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Тарихи қалашықтағы құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 30 гектарға жуық жерде жүргізілген. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шартырлы күмбез орнатылды. 27 тірек, кәріз сорғы станциясы мен дренажды жүйе салынды.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылады деп күтіліп отыр.

Күлтөбе – елiмiздегi көне қала­лардың бiрi. Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қа­шықтықта орналасқан. Ол жерге алғаш рет 1972 жы­лы археологиялық қазба жұ­мыстары жүргiзiлдi. Күл­­төбеден VII-VIII ға­сыр­­­ларда пайдаланылған Оты­­рар зергерлерiнiң тең­ге­­лерi мен қыш ыдыстары та­­былып, сол жәдiгерлер ту­­ралы ғана ақпарат бе­рiл­дi.

Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ах­мет Ясауи кесенесiнiң оңтүс­тiк бө­лiгiне зерттеу жүргiзу ке­рек­тi­гiн айтты. Сөйтiп, 1981-1984 жыл­дары Түркiстан ар­хе­оло­гия­лық от­ряды қазба жұмыс­та­рын қол­ға алды.

Соның нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қа­лыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталды. Бел­гi­лен­ген аймақтар алты метрге дейiн қазылып, одан сайын те­рең­дей түстi. 23 қыш ыдыстың сы­ны­ғы табылды. Бiрақ, олар толық зерт­телген жоқ. Археологтардың бол­жауынша, бұл ыдыстар IV-V ға­сырларда кеңiнен қолданылған.

Қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еде­нiнде балқыма дақ бар екен. Бал­қыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзең­гi, төменгi жағынан төрт қыр­лы сырғалығы бар белдiк, бел­дiктiң күмiс қапсырмасы  жә­не жал­ғыз шығыршықты темiр ау­ыз­­дық шықты. Мұндай заттар­ды Орталық Азия мен Қазақстан ай­мағындағы жылқы көмiлген қа­бiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны        VI-VII ғасырлардың аяғына жат­қызды.

Қазба жұмыстары жүргiзiлген 6 құрылыс белдеуiнен XIII ға­сыр­­­дың аяғы мен XIV ға­сыр­­дың бiрiншi жартысында қолда­ныл­ған шағатайлық тең­­гелердiң қой­масын да кез­дес­тiруге болады. Олар әше­кей бұй­ымдар салын­ған ыдыс сы­ны­ғы­нан алын­ды. Тарихшылар осы XIV ғасыр­­да Күлтөбедегi бекiнiс қи­раты­лып-жойылғанын, оның бү­кiл аумағы зиратқа айнал­ғанын айтады.

1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері бар. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді. Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Осы жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде, сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілер табылған.

Елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық осы Күлтөбе қалашығының келешегіне алаңдап, оның мәселесін БАҚ бетінде шырылдап айтып жүрген ұлтжанды азаматтың бірі. Ол «NATIONAL DIGITAL HISTORY» порталына берген сұхбатында бұл мекеннің туризмнің ордасы һәм тарихи тұғыры биік болуы керектігін айтады.

– Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар болды, олар тіпті кеткілері келмеді. Қазір сәулетшілерден туристер үшін арнайы жаяу жүргіншілер жолын әзірлеуді сұрап отырмыз. Олар кейбір детальдерді қарау үшін, кей жерлерде биікке көтерілулері немесе төмен түсулері керек болады. Жаяу жүргіншілер жолы екі деңгейлі болуы мүмкін еді. Бірақ бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер сақталған. Төбе ернеулері төбе болғанын көрсетеді. Кейбір өтпе жолдарды ашқан жоқпыз. Реставраторлар солай қалдыруды сұрады. Қорған қандай қызмет атқарды дегенге келсек, бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады, тұрмыстық ыдыстар онша көп емес, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты, – дейді өлкетанушы.

Десе де, Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы бері өзгеше түрленіп келе жатыр ғой. Жаңа жобалар ретімен іске асар. Мына жаңалық та жан жадыратарлықтай. Осыған дейін Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар беріліпті. Енді алдағы кезде Түркістанда Күлтөбе атты жаңа көше пайда болмақ. Бұның өзі Күлтөбе қалашығының мәртебесін асыра түсетіндей. Сонымен қатар, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан және өзге де көшелер беріледі.

Мамандар Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары екенін айтады. Өткен жылы 1 млн астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салынбақ. Әсте-әсте жүзеге аса жатар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 471 рет