Сәрсенбі, 01 Мамыр 2024 10:22

Отырар ауданының туристік әлеуеті дамып келеді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан – еліміздің туристік әлеуеті зор өңірдің бірі. Облыс орталығынан бөлек, Отырар өңірі де киелі аймақ саналады. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-на арнайы барды. Іссапар барысында Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, «Отырар төбе» қалашығының жұмысы барысымен танысты.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының басшылығы облыс әкіміне музей-қорықтың бүгінгі жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Болашақ даму жоспарына тоқталды. Облыс әкімі ежелден ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы болған Отырар өлкесінің қазақ өркениеті үшін зор маңызы бар екеніне тоқталып, туристерге танымдық ақпарат беруді, келушілерге сапалы қызмет көрсетуді, туристік әлеуетін одан әрі дамытуды ұсынды.

Арыстанбаб – 11-12 ғасырларда өмір сүрген, ислам ғүламаларының бірі, Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы. Кесенеде Қарға баба, Лашын баба және Шерімбет әздер жерленген. Құрылыстың бастапқы мазары XIІ ғасырда басталған. XІV ғасырда Әмір Темір кесене тұрғызған. ХХ ғасырдың 1907-1909 жылдары (хижра бойынша 1327 жыл ) Қалмырза Мүсәпірұлы Арыстанбаб кесене-мешітін, және басқа да жерлеріне қайта жөндеу жүргізген. Соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. Археологиялық-қорық мұражайында 24852 экспонат қоры бар. Ал ғылыми кітапханадағы кітап саны – 3180. Бүгінде 76,5 штат бірлікте қызметкерлер жұмыс істейді. 2023 жылы кесенеге келушілер 278844 адамды құраған.

Жұмыс сапары кесенеден соң «Отырар қалажұрты» туристік нысанында жалғасты. Жер учаскесінің алаңы –189,6 га. Ұлы Жібек жолындағы ірі орталықтың бірі саналатын Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қала. Өзге ортағасыр қалалары сияқты Отырар қалажұрты да цитадель, шаһристан және рабад тәрізді үш бөліктен тұрады. Қаланың шаһристан бөлігінің аумағы 20 га, рабадымен қоса есептегенде 200 гектарды құрайды. Қос нысанның да туристік мүмкіндігі өте жоғары. Мемлекет тарапынан тарихи ескерткіштер мен көне қаланы сақтау, қолдау жұмыстары жалғасады.

Ұлы Жібек жолы бойындағы руханият пен сауда орталығы болған Отырарда заман талабына сай, бәсекеге қабілетті туризм саласын дамыту және бабадан қалған мәдени-тарихи мұраларды сақтап, оларды ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұрты қақпаларының маңына жүргізілген абаттандыру жұмыстары сонадайдан көз тартады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы саналатын Арыстан баб кесенесіндегі жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтіріліп, саялы бақ құру үшін жасыл желек егіліп, келушілер тынығатын орындықтар қойылыпты. Ал, «Отырартөбенің» кіреберісіне қамал үлгісі, ауқымды автотұрақ салынып, жүк артқан түйе керуені мен оны бастап келе жатқан керуенбасының бейнесі сұлбаланып, көне қаланың бір қақпасы қалпына келтірілген. Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Археологтар үйінді астындағы қала орнынан түрлі бұйымдар табылып жатқанын айтты. Жалпы, аталған екі жобаның құны 475 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, біз айтқан екі негізгі нысанның дәл ортасын ала Отырар мемлекеттік қорық музейіне қарасты «Сапар» орталығы бой көтерген. Бұл орталық туристерге ауданның тарихи орындары жайлы толыққанды ақпарат ұсынып, бағыт бере алады. Тағы бір айта кетерлік жоба – келешекте осы үш нысанды жалғайтын 1,7 шақырым жол бойына сервистік қызмет көрсету нысандары, ұлттық тағамдарды дайындау және сату орындары салынбақ. Құны 615 миллион теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданып та қойыпты. Демек, рұқсат беріліп, қаржы бөлінсе, туристерді өзіне тартатын тағы бір маршрут пайда болмақ. 

Отырарда екі жыл бұрын ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ашылған «Шәмші саябағы» бар. Қарақоңыр ауылында демеушілер есебінен салынған саябақта композитор қолданған заттардың түпнұсқасы қойылған музей де бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз» қалажұртын абаттандыру мақсатында аяқжол, автотұрақ салынып, саялы орындықтар орналастырылып, бұл жер де туристік бағыттың біріне айналмақ.

Отырар ауданы орман-тоғайға, өзен-көлге бай аймақ болғандықтан осы табиғи ресурстарды пайдаланып, экотуризмді дамыту да жоспарланып отыр. Мәселен, Сырдария және Арыс өзендері, Шошқакөл мен Түркістан–Сырдария табиғи аймағынан аңшылар үйін салып, туристерге бүркітпен, тазымен аң аулау сияқты қызметтер ұсынылмақ. Ал, табиғат аясында демалып, балық аулау мақсатында Арыс пен Сырдария өзендері қосылған жерден «Құйған» демалыс орнын ашу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде жүздеген жұмыс орны пайда болады деген сөз. Бұл жобаларды іске асыратын инвесторларға жер беру, қажетті инфрақұрылым жеткізуге әкімдік тарапынан көмек көрсетілетін болады. 

Ұлылар Отаны атанған ауданда қазір 8 мыңнан астам түйе, 60 мыңдай ірі қара, 360 мыңнан аса уақ мал мен 18 мыңға жуық жылқы бар. Енді осы төрт түлік малды пайдалана отырып, туристерді мал шаруашылығымен, олардан алынатын өніммен таныстыру мақсатында туристік орындар ашып, агротуризм саласын дамыту қолға алынбақ. Оны қызықтауға келген туристерге жылқымен серуендеп, қымыз-қымыран, құрт-май дайындау процесімен танысуға мүмкіндіктер жасалады. 

Бүгінгі таңда туризмді дамытуға аудан кәсіпкерлері де атсалысып жатыр. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны 50 миллион теңгеге 50 орынды қонақүй салуға кірісіпті. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын нысан келесі жылы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Шілік ауылының тұрғыны Төрткөл–Шәуілдір тас жолы бойынан сервистік қызмет көрсету орталығын ашпақ. Онда жанармай құю бекеті, кіші маркет, қонақүй, техникалық қызмет көрсету орындары болады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта аудан аумағында туристерге 7 қонақүй қызмет көрсетуде. Жалпы, бұл өлкеге жыл сайын 200-300 мыңнан астам турист келетін болса, алдағы уақытта туристік нысандарды көбейту арқылы олардың санын бұдан да көбейту көзделіп отыр. Бұл жобалар өз нәтижесін берсе, аудан экономикасы да жандана түспек. Жұмыс орындары көбейіп, аудан халқының әлеуеті арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Топырағы тарих болып сөйлейтін Отырар елінде осындай жобалар қолға алынған.

Соңғы жылдары Қазақстандағы туризм саласын дамытуға баса назар аударылып, оның маңызы жылдан жылға арта түсуде. Бұл игі іске елімізде тарихи-мәдени ошақтардың және табиғаты көрікті жерлердің көп болуы да қолайлы жағдай туғызып, мол мүмкіндіктер беріп отыр. Елімізде туризм саласын дамыту тарихымыз бен ұлттық мәдениетімізді әлемге танытумен бірге экономикалық әлеуетімізді жақсартудың тиімді жолы екені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» деген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың бірқатар тұжырымдамалары мен бағдарламалары қабылданып, іске аса бастады.

     Қазіргі кезде көптеген елдерде тарихи қалаларды, елді мекендерді туризмнің орталығына айналдыру мәселесі қарқын алып отыр. Мәселен, жыл сайын Түркияның Каппадокия жеріне екі миллионға жуық турист келеді. Жергілікті гидтердің айтуынша, туристер Түркияны көбінесе жағажайдағы демалыспен байланыстырады. Бірақ Каппадокия - белсенді демалыс орнымен, бай архитектуралық тарихи мұрасымен, көрікті жерлерімен, қайырымды әрі ұлттық колоритімен ерекшеленетін халқымен тартымды жер. Каппадокия келушілерге базарлықтардың түр-түрін ұсынады. Туристердің ағылып келуіне байланысты жергілікті халық қосымша табыс табады. Мұнда Туфтан жасалған ең арзан мүсіншеден қолдан жасалған керамикаға дейін бар.

      Бұл жерде адам баласының аяғы баспаған сияқты, тып-тыныш отырып ойлануға мүмкіндік бар. Каппадокияның жартастар мен каньондарын ұшар биіктіктен көрген әлдеқайда қызық, сол үшін туристерге әуе шарымен серуендеу ұсынылады. Күнде таңертең әуеге жүзден аса шарлар көтеріледі. Әуе шарына отыру үшін, алдын ала тапрсырыс беру керек. Күн шыққанда шарлардың көбісі алысқа ұшып кетеді. Бір себеттің ішіне 28 адам сыяды. Әуе шары жерден көкке 670 метрге дейін көтеріледі. Сол кезде туристерге сөзбен жеткізе алмайтын керемет әсер қалдырады. Сөзсіз, туристердің ағылып келуінің басты себебі - ұмытылмас әуе шарымен саяхаттау. Жаяу жүріп саяхаттауды жақсы көретін адамдар осында келіп қызық жерлерді аралап, үңгірлер мен каньондарды, ежелгі ғибадатханаларды зерттеу үшін келеді.

Бүкіл Шығысқа кеңінен танымал болған Отырар қаласының тарихы қазақ халқының өмірінде ерекше орын алатыны белгілі. Отырар тарихы –қазақ халқының тарихы десек те болады. Отырар қазақтың ұлт болып қалыптасқан алтын бесігі, отырықшы мәдениеттің ошағы, әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болғаны тарихтан жақсы мәлім.

Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең танымалы. Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының қатарынан аталған. Ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтары бұл қаланың Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси, сауда және мәдени орталығы болғанын, Орталық Азия тарихында маңызды рөл атқарғанын жазып қалдырған. Қаланың рөлі мен маңыздылығының артықшылығы – оның орын тепкен жерінің, географиялық жағдайының қолайлылығына байланысты болған. ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер ғалымдардың назарын аударды. Ежелгі Отырар өлкесінің археологиялық зерттеу жұмыстары ғасырлар өтсе де тоқтап қалмай, жыл өткен сайын жалғасын тауып қарқын алып келеді.

         Арыстанбаб кесене-мешітіндегі кітапхана 1930 жылдары «қызыл қырғын» кезінде аяусыз талқандалды. Кітапхана қорында араб, парсы, түркі тілдеріндегі жүздеген қолжазбалар, кітаптар болған. Кітаптардың көпшілігі «Арыстанбабқа» деп атап жазылып, «Мулла Фахриддин Сыддық» деген жазулы мөрмен куәландырылған. Көне қолжазба, кітаптардың бір парасын Бұхара медресесінің түлегі Әбусейіт Оңғарбайұлы пен Арыстанбаб кесене-мешітін 1907-1909 жылдары қайта қалаған ұста Қалмырза Мүсәпірұлы сақтап қалған. Әбусейіт Оңғарбайұлы сақтаған қолжазба, кітаптарды немере-інісі Қазыхан Серікбаев өлкетанушы,этнолог,әдебиеттанушы Абдулла Жұмашев арқылы Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына тапсырса, Қалмырза Мүсәпірұлы сақтаған қолжазба, кітаптар оның өз өсиеті бойынша қабіріне өзімен бірге көмілген.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы 1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСРО Министрлер Кеңесі шешімімен ұйымдастырылған. Отырар мұражайы 200 жылдан аса уақыт бойы аймақтың экономикалық және сауда орталығының маңызына айналған ежелгі Отырар қаласы тарихының бірегей ескерткіштерінің қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық құнды заттардың қоймасы дерлік. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қатарына 4 Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіштер, 216 жергілікті маңыздағы археологиялық ескерткіштер кіреді. Бұған Отырар оазисінің ежелгі Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе қалалары мен Арыстанбаб кесенесі және басқа да тарихи ескерткіштер кіреді. Мұражай экспозициясы екі бөлімнен тұрады: археологиялық және этнографиялық. Сонымен қатар мұражайда Әбу Насыр әл-Фараби кітапханасы да ұйымдастырылған. Оның қорында 3 мыңнан аса басылым, әл-Фараби мен оның шәкірттерінің еңбектері сақталған.

Отырар ауданының туристік әлеуетін дамыту үшін не істеу керек? Мен өз тарапымнан осы мәселелерді шешудің арнайы концепциясын ұсынамын:

- Көне Отырардың туристік индустриясын мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, Отырар туризмінің ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу;

- Көне Отырардың тарихи нысандарының инфрақұрылымын қалпына келтіру, қонақ үйлер мен шайханалар, маусымдық киiз үйлер, демалыс саяжайлары мен мәдени саябақтар салу;

- Отырар ауданының туристік қызмет бағаларын қолжетімді ету мен жергілікті туристік жарнама агенттерін құру, ауданның туристік беделін қалыптастыруда республика аймақтарында жəне шет елдерде туристік ақпараттық орталықтарды ұйымдастыру;

- Аудан ішінен шетелдік қонақтарға сапалы қызмет жасайтын туристік ірі фирмаларды ашу;

- Шетелде Отырар ауданының тарихы мен туризмі туралы сапасы жоғары полиграфиялық жəне аудиобейне жарнама материалдарын шығару жəне белсенді түрде тарату қажет. Отырар ауданының туристік фирмаларының web-сайттарын құруға айрықша мəн беру қажет.

- Көне Отырардың тарихи ескерткіштерін тамашалауға келетін туристердің әуе тасымалының бағасын төмендету (топпен саяхаттайтын туристерге ыңғайлы болу үшін чартерлік рейстердің санын көбейту);

- Турпакет бағасының төмен болуына байланысты автобуспен саяхаттайтын туристер санын арттыруға басымдық беру;

- Туристерге әлемдік деңгейде қызмет көрсету арқылы Отандық туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

- Көне Отырардың туризм секторына мемлекеттік және жеке инвестициялар көлемін ұлғайту;

- Үкімет шетелдік және ішкі инвестицияларды арттыру арқылы кәсіпкерлік ортаны жақсартуға сапалы түрде жағдай жасау қажет;

         ҚР туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жарияланғаны белгілі. Бағдарламаның мақсаты — 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің кемінде 8 % үлесін қамтамасыз ету. Жалпы, Отандық туризм саласын тиімді реформалап, атқарылатын жұмыстарды жүйелі қолға алсақ, туризмнен түсетін табыстарды 2-3 есеге арттыруға мүмкіндік бар.Жоғарыда аталған мақсаттардың барлығына қол жеткізу үшін Қазақстан Үкіметі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, туризм индустриясы, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық арасындағы серіктестіктерді қалыптастырып, Отандық туризмнің жандануына тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасауы қажет. Біз көне Отырар қаласының тарихи – мәдени туристік әлеуетін оң бағытта дамуын жеделдетуіміз керек. Отандық туризм - қашанда ел экономикасының күре тамыры болып қала бермек.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 169 рет