Алдымен делегация «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл – түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы тоғысқан, Түркістанның тарихи келбетін айқындайтын басты нысандардың бірі. Қала әкімі қонақтарға Түркістанның тарихи мұрасы, қаланың бүгінгі туристік әлеуеті және соңғы жылдары қалыптасқан жаңа мәдени-туристік ортасы туралы айтып өтті. Сапар барысында Измир мэрі бастаған делегация музей-қорықтың «Сирек жәдігерлер залына» да кіріп, XIV–XV ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлермен танысты. Қонақтарға Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасы, кесененің тарихы және Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи орны жөнінде кеңінен мәлімет берілді.
Түркістанға арнайы келген делегация үшін бұл сапар қаланың терең тарихын ғана емес, оның бүгінгі даму бағытын да тануға мүмкіндік берді. Измир мен Түркістан – тарихы терең, мәдениеті қалыптасқан, туризмді дамытуға әлеуеті жоғары қалалар. Сондықтан мұндай кездесулер екі шаһар арасындағы байланыстарды жаңа бағыттармен толықтырып, мәдениет, туризм, инвестиция және бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласы өзінің тарихи және мәдени мұрасымен Қазақстанның мәдениетін танытуда маңызды рөл атқарады. Қаладағы тарихи ескерткіштер, сәулет нысандары және мәдени шаралар ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу үшін үлкен мәнге ие. Қазіргі уақытта Түркістанды дамыту мен оның мәдени мұрасын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар оны болашақта әлемдік мәдениет орталықтарының бірі етіп шығаратыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең зерттеуді тапсыра отырып, Ясауи, «Әл-Фараби және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптеу қажеттігін атап өткен болатын. Биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім», «Әл-Фараби» ордендерін табыстау туралы шешімнің қабылдануы – осы мұраны ұлықтаудың айқын көрінісі. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – түркі дүниесінің кемеңгер тұлғасы. Оның даналыққа толы хикметтері ғасырлар бойы халықтың рухани бағдаршамына айналып келеді. «Диуани хикмет» еңбегі – адамгершілік пен әділдікке үндейтін терең философиялық туынды. Ясауи мұрасы тек діни іліммен шектелмей, түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениетіне де зор ықпал етті. Оның ілімі – бірлікке, ізгілікке, адамзаттық құндылықтарға үндейтін әмбебап рухани мұра.
Түркістан – ұлт бірлігі қалыптасқан киелі мекен. Бұл жерде қазақтың хандары мен билері, батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер осында қабылданған. Бүгінде осы тарихи және рухани сабақтастықты сақтай отырып, Түркістанның туристік және рухани әлеуетін дамыту жолында көптеген шаруалар атқарылуда. Облыста тарихи мұраларды жаңғырту, мәдени туризмді дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл ретте, Ясауи ілімін зерттеу және жастар арасында кеңінен насихаттау – уақыт талабы. Себебі, жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау мен дамыту – ел болашағының кепілі.
Түркістан – тарихы терең, тағылымы мол, талай ғасырдан бері түркі халықтарының рухани өмірінде айрықша орын алып келе жатқан қасиетті мекен. Сыр бойы мен Ұлы Дала өркениетінің тоғысқан тұсында орналасқан шаһардың тарихы қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің өткенімен сабақтасып жатыр. Сондықтан Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени ордасы деп атаудың өзіндік тарихи әрі рухани негізі бар. Ғасырлар бойы Түркістан қаласы ғылым мен білімнің, сауда мен мәдениеттің, дін мен руханияттың маңызды орталықтарының бірі болды. Қалаға келген саяхатшылар мен ғалымдар, саудагерлер мен зиялы қауым өкілдері бұл өлкенің өркениеттік маңызын жоғары бағалаған. Түркістанның рухани беделінің артуына ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи мұрасы айрықша ықпал етті.
Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының рухани тарихында өзіндік орны бар ұлы тұлға. Оның ілімі мен философиялық ойлары ғасырлар бойы халықтың дүниетанымына, адамгершілік ұстанымдарына және рухани құндылықтарына әсер етіп келеді. Ясауидің хикметтері арқылы адамды адалдыққа, имандылыққа, сабыр мен мейірімге, ізгілік пен әділетке үндейтін терең ойлар ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Түркістанның рухани келбетін айқындайтын ең басты тарихи нысандардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған сәулет ескерткіші бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің аса құнды мұраларының бірі саналады. Кесене өзінің сәулеттік ерекшелігімен, тарихи маңызымен және рухани мазмұнымен Түркістанның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып отыр.
Түркістанның рухани маңызы уақыт өте келе әлсіреген жоқ. Керісінше, тәуелсіздік жылдарында қасиетті шаһардың тарихи-мәдени келбетін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Қаланың туристік әлеуетін дамыту, тарихи орындарды сақтау, мәдени инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде Түркістан заманауи келбеті қалыптасқан, мәдениет пен туризм қатар дамып келе жатқан қала ретінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қаланың сәулеттік ансамблі жаңарып, тарихи орындар мен заманауи мәдени нысандар бір-бірімен үйлесім тауып келеді. Бұл Түркістанның өткенін сақтай отырып, болашаққа бет алғанын көрсетеді.
Түркістанның мәдени өмірінде театр, музей, кітапхана, филармония, мәдениет үйлері мен шығармашылық ұжымдардың орны ерекше. Бұл мекемелер ұлттық өнерді насихаттап, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға қызмет етіп келеді.Өңірде дәстүрлі өнерге де айрықша мән берілуде. Қазақтың күйі мен термесі, жыр-дастандары, ұлттық ән өнері мен қолөнері – Түркістан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Әсіресе Сүгір Әліұлы, Төлеген Момбеков секілді дәстүрлі өнер өкілдерінің мұрасын дәріптеу арқылы өңірдің өзіндік орындаушылық мектебі кеңінен таныстырылып келеді.
Түркістан облысында ұйымдастырылатын мәдени фестивальдер мен шығармашылық байқаулар да ұлттық өнерді дамытуға үлкен үлес қосуда. «Өнерлі өлке», «Күй құдіреті», «Балтаңдай» секілді мәдени жобалар өңірдің өнерпаздарын бір ортаға жинап, шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар арқылы аудан-қалалардың мәдени ерекшеліктері көпшілікке ұсынылып, жергілікті өнерпаздардың еңбегі насихатталады.
Түркістанның түркі әлеміндегі рухани орнын айқындайтын тағы бір маңызды фактор – халықаралық мәдени байланыстар. Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына байланысты Түркістанда халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени және рухани кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай басқосулар бауырлас халықтардың тарихи және мәдени байланысын одан әрі нығайтып, ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеуге жол ашады. Түркістанда өткен халықаралық іс-шаралар барысында қазақ халқының дәстүрі, ұлттық өнері мен тарихи мұрасы шетелдік қонақтарға таныстырылып келеді. Ұлттық музыка, қолөнер, театр, көрме және әдеби жобалар арқылы Түркістанның мәдени келбеті әлемге таныла түсуде.
Түркістанның мәдени әлеуеті туризм саласының дамуымен де тығыз байланысты. Қалаға келетін туристер үшін тарихи ескерткіштермен қатар, мәдени іс-шаралар мен шығармашылық бағдарламалардың да маңызы жоғары. Себебі турист үшін белгілі бір өңірдің тарихын көрумен қатар, оның мәдениетін сезіну, ұлттық өнерімен танысу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет пен туризмнің өзара байланысын дамыту Түркістанның халықаралық тартымдылығын арттыратын негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Қасиетті орындарға зиярат етушілер мен туристердің мәдени нысандарға қызығушылығы артып, қаладағы музейлерге, театрларға, көрмелер мен концерттерге баратындар қатары көбейіп келеді.
Түркістанның рухани-мәдени орда ретіндегі мәртебесі – өткеннің ғана жетістігі емес, бүгінгі ұрпақтың да жауапкершілігі. Тарихи ескерткіштерді сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны кейінгі буынға жеткізу – ортақ міндет. Өйткені мәдени мұра халықтың тарихи жадын сақтап, оның ұлттық болмысын айқындайды. Қасиетті Түркістанның мәдени келбетін қалыптастыруда өнер адамдарының, мәдениет қызметкерлерінің, ғалымдар мен ұстаздардың, қолөнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдардың еңбегі зор. Олардың әрқайсысы ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде Түркістан тек Қазақстанның тарихи қаласы ретінде ғана емес, түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын насихаттайтын халықаралық мәдени орталық ретінде де танылып келеді. Қалада ұйымдастырылатын мәдени шаралар түркі дүниесінің ортақ тарихын, тілін, өнерін және рухани құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік береді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат