Жұма, 31 Шілде 2026 16:47

Түркістанда «Түркістан төсіндегі көне атаулар ізімен» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедицияға арналған жиын өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі – «Ономастар одағы», Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» КММ бірлесіп Ұлы Дала елі орталығында «Түркістан төсіндегі көне атаулар ізімен» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция аясында жиын өткізді.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ономастар одағының» өкілдері «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасының мақсат-міндеттері мен оны жүзеге асыру тетіктерін таныстырды. Сонымен қатар, ғалымдар Шөйтөбе I қонысында (IX–XV ғғ.) және Шөйтөбе II қонысында (XIII–XIV ғғ.) жүргізілген ғылыми-зерттеу және далалық экспедициялық жұмыстардың нәтижелерін баяндап, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті. Басқосу барысында Шауғар–Шойтөбе қалашығы мен Кентау қаласы аумағындағы Бала Бүркем қалашығының тарихи-мәдени құндылығы, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау және кеңінен насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ жиында Түркістан қаласындағы 602 нысанның атауын тарихи-ономастикалық тұрғыдан зерделеп, оларды қолданыстағы талаптарға сәйкес ретке келтіру мәселесі қозғалды. Мамандар бұл жұмыстар тарихи атаулардың түпнұсқалығын сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің мәдени-тарихи мұрасын жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Іс-шараға облыстың өлкетанушылары, көнекөз қариялар, мектеп мұғалімдері, тарихшылар және жергілікті тұрғындар қатысып, көне жер-су атауларын сақтау, тарихи деректерді жүйелеу және ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу жолдары жөнінде пікір алмасты. Аталған ғылыми экспедиция Түркістан өңірінің тарихи атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеу, ономастикалық қорды толықтыру және ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы маңызды жобалардың бірі саналады.

Түркістан қаласы өзінің тарихи және мәдени мұрасымен Қазақстанның мәдениетін танытуда маңызды рөл атқарады. Қаладағы тарихи ескерткіштер, сәулет нысандары және мәдени шаралар ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу үшін үлкен мәнге ие. Қазіргі уақытта Түркістанды дамыту мен оның мәдени мұрасын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар оны болашақта әлемдік мәдениет орталықтарының бірі етіп шығаратыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тарихи мұраларды қорғау мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында ауқымды жобалар мен бастамалар іске асырылуда. Бүгінде республика бойынша 25 мыңнан астам тарихи мұра объектісі есепке алынған болса, оның 1792-сі Түркістан облысының үлесінде. Аталған нысандардың ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш бар. Ол – өңірдің басты туристік нысаны әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесені. Сонымен қатар облыста республикалық маңызы бар 40, жергілікті маңызы бар 403 тарихи-мәдени мұра объектісі және алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 1348 нысан бар.

Тарихи-мәдени мұра саласындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыста 2006 жылы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» құрылған. Бүгінде аталған орталық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау, насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау ісін жаңа деңгейге көтерді.

2013 жылдан бастап осы мәдени мұраларға қорғау міндеттемелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 429 мәдени мұралардың меншік иелері және пайдаланушыларымен қорғау міндеттемелері рәсімделген. 2024 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, алдын ала есепке алу тізіміндегі 32 мәдени мұра объектісіне заңнама талаптарына сай ғылыми сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 32 нысанды жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда.

2025 жылға арналған ғылыми-реставрациялық жұмыс жоспарына сәйкес Түркістан облысындағы 5 нысанда тиісті жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Сауран археологиялық сәулеттік кешені, Ежелгі Түркістан қалашығы, Отырар қалашығы, Аппақ Ишан сәулет кешені және Шамет Ишан мешіт-медресесіндегі реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бүгінде облыстағы ғылыми-реставрациялық жұмыстар ескерткіштердің жағдайына алдын ала жүргізілген мониторинг негізінде жүзеге асырылуда.

Мәдени мұра объектілерінің жай-күйін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда. Сонымен қатар «Ежелгі Түркістан қалашығының тарихи аумағында қалыптасқан ескерткіштер» атауымен 14 объектіні қамтитын жалпы аумағы 88,7 гектарды құрайтын буферлі аймақ белгіленді. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Қылует жер асты мешіті, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Шілдехана, Тәуке хан кесенесі, Цитадель қамал қабырғасы мен қақпасы, казарма, Ежелгі Түркістан қалашығы, Күлтөбе қалашығы еніп отыр. Бұл шаралар ескерткіштердің нақты шекарасын айқындап, олардың жойылып кетуінің және заңсыз құрылыс жүргізілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары жетерлік. Сондықтан Түркістан – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтерді. Оның мақсаты – рухани қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.

Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған.

Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.

Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де, киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.

Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар жүргізілуде. Айта кетсек, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылған. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда.

Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі неге тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде.

Түркістан туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.

Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.

Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 18 рет