Жұма, 21 Қыркүйек 2018 18:08

Түркістан қауіпсіз қалаға айналады

Бүгінде Түркістанда қауіпсіздік бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Түркістан қаласы облыс орталығы болғандықтан, қазір мұнда қауіпсіздік шарасы басты назарда. Шаһардағы қоғамдық тәртіпті жол-патрульдік полициясы мен учаскелік полиция инспекторлары және басқа да күштік құрылымдар қадағалайды. Сондай-ақ қазіргі таңда 4 авто-эвакуатор белгіленбеген орынға қойылған көліктерді айыптұрақтарына жеткізуде. Бұдан басқа адам көп жүретін орындарда 2 стационарлық полиция бекеті орналасқан. Онда 18 бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары осы камералардың көмегімен құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда, оларға тосқауыл қойып, шара қолданады.Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» хабарлайды «24.kz-ке» сілтеме жасап. 

– Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы Түркістан қаласы бойынша қылмыстан өткен жылғы 1620-дан үстіміздегі жылы 1456-ға, немесе 10,1 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар 103-тен 82-ге, немесе 20,4 пайызға, ал аса ауыр қылмыстар 17-ден 10-ға, немесе 41,2 пайызға төмендеген, – дейді облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмасхан Тастанбеков.

Айта кетейік, қазір қаладағы қоғамдық тәртіп пен көшедегі қауіпсіздікті 41 бейнебақылау камерасы қадағалайды. Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғандықтан, тағы да қосымша бейнебақылау камералары орнатылады. Сонымен қатар қазан айына дейін жол жүру ережесін автоматты түрде анықтайтын 1 «Интегра» және «Трафик-сканер» зияткерлік жүйесі орнатылады. Олар Түркістаннан Шымкент, Кентау, Қызылорда бағытына қарай жылдамдықты асыратындарды анықтайды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы да 10 «Интегра» зияткерлік жүйесі мен 20 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Ал 2020 жылға дейін Түркістан қаласының жаңа әкімшілік іскерлік орталығына 83 бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Оның 53-і айналмалы, ал 30-ы тұрақты камералар. Жалпы, Түркістан шаһарын қауіпсіз қаладан ақылды қалаға айналдыру жобалары жүзеге асыру жоспарланған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1236 рет