Жексенбі, 26 Мамыр 2024 20:24

Сауран ауданы: мемлекеттік қызметкерлерге діни көзқарас туралы түсіндірілді

Сауран ауданы әкімі аппараттының басшысы Бақытжан Халдыбекұлының төрағалығымен аудан әкімдігінің қызметкерлері және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандарының қатысуымен жиын болып өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев арнайы қатысты.

Жиында ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мұстафа Құлымбетов күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасады. Онда мемлекеттік саясатты жүргізу барысында ешкім діні бойынша ерекшелікке ұрынбайтындығын және артықшылық алмауы тиіс екендігі түсіндірілді. Мемлекет қандайда бір діни салттарға қарсы емес, тек ол мемлекеттің идеологиясына, конституциясына қайшы келмеуі туралы сөз қозғалды.

Қоғамда қатынастарда көптеген қызметтің түрлері кездесіп жатады. Олардың ішінде педогогтік, медицина, әдеби-шығармашылық, өнеркәсіптік, өндіру, қызмет көрсету секілді  бір-біріне ұқсамайтын сан мыңдаған қызмет түрлері бар. Осы салалардың барлығында да бақылау функцияларын іске асыратын мемлекеттік құрылымдар бар. Ал олардың негізі қызметінің түрі – мемлекеттік қызмет.

Мемлекеттік қызметке басқару формасына сәйкес кәсіпкерлікпен, өндірушілікпен қызметтері сыйыспайды. Яғни мемлекеттік қызмет – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi.

Ал мемлекеттік қызметші дегеніміз – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік қызметшілер айрықша статусқа ие бола отырып, өзінің құқықтары мен міндеттері айқындалған.

Мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық міндеттерін атқара отырып Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға; сыбайлас жемқорлықтың алдын алған жағдайда заңнамаға сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға; еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына; әлеуметтік және құқықтық қорғалуға; өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға; жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, білім алуға; бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетілуге құқығы бар.

Ал міндеттеріне – Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;  азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдау; функцияларын өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес жүзеге асыру; қызметтік тәртіп пен әдепті сақтау; мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау; лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеу; мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз ету; өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалану; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жатады.

Бұл құқықтар мен міндеттер 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында анық көрсетілген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшіге кәсіпкерлікпен айналысуға, қандай да бір саяси партияның, ұйымның, қоғамдық, діни бірлестіктердің мүддесін қолдап сөйлеуіне қатаң тыйым салынады.

Мемлекеттік қызметші қызмет орналасқан сәттен бастап өзіне шектеу алады. Ол шектеулердің қатарына – сайланбалы органның мүшесі болуға, мемлекеттің тұтастығына қандай да бір зардап келетін әрекеттер жасамауға, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік құпия мен мүлікті сақтау жатады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші қызметке кіріскен сәтте ант береді.  Ант берген кезден бастап оны бұзбауға міндеттенеді. Мемлекеттік қызметшілер қызмет атқару барысында заңдылық, Қазақстан патриотизм, ашықтық, нәтижелілік, тиімділік, әдептілік, құқық бұзушылыққа төзбеушілік қағидаттарын берік ұстануы керек.

Зайырлы мемлекеттің қағидаттарына сәйкес дін саласы заң саласынан бөлек. Елімізде әрбір азаматқа ар-ұждан бостандығына кепілдік берілген және басқа конфессия ұстанушыларының  заң алдында  теңдігі қамтамасыз етілген.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет. Демек, зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын қамтамасыз етумен құнды.

 Зайырлы мемлекет – деп  дін саласын бос жіберіп қоюға болмайды. Себебі, діни ахуалдың тұрақтылығы – еліміздегі ішкі және сыртқы қауіпсіздіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің кепілі болмақ.

Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынастарының принциптері діни сенім бостандығы деңгейі мен мемлекет зайырлылығының  көрнекті көрсеткіші болып табылады. Дін саласындағы мемлекеттің саясатын жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қамтамасыз ету қоғам арасындағы тұрақтылықтың басты кепілі болары анық.

Дін саласындағы мемлекеттік саясат орталық және жергілікті деңгейде мынадай қағидаттарға негізделеді:

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың кешенді тәсілі;

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың күш-жігері мен ресурстарын тарту;

Халықтың барлық нысаналы топтарын атаулы және жаппай қамту;

Азаматтардың барлық санатының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау;

Жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау үшін дін саласындағы ахуалдың мониторингі мен диагностикасының озық әдістемелерін енгізу;

Діни білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламалары, оқу әдістемелер туралы ақпаратты жедел ұсыну;

Дін саласында мемлекет іске асыратын іс-шараларды нысаналы ақпараттық қамтамасыз ету;

Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесіне төнген қатер көріністерінің сипаты мен деңгейін ескеру;

Діни бірлестіктердің заңға қайшы әрекеттеріне жол бермеу.

Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттік құрылымның өзіндік моделі құрылған. Бұл тәжірибені Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы әлемдік қоғамдастыққа көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері дін саласындағы мемлекеттік саясат дінді терістеу мен онымен күресуден бастап, ірі конфессиялармен серіктестік байланыстарға дейін апаратын өзгерістерді бастан өткерді.

Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.

 

Оқылды 235 рет