Бейсенбі, 28 Қараша 2024 14:53

Шымкентте "Құқықтық көмек" жобасы аясында тұрғындар білікті заңгерлерден көмек алды

Қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен екені жасырын емес. Соның салдарынан, өз мүдделерін қорғай алмай сот залдары мен мен мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргендер өте көп.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріп, межелі міндеттерді нақтылады. Осы орайда «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылдың қаңтарында «Құқықтық көмек» партиялық жобасын іске қосқан болатын. Бүгінде аталмыш жоба нәтижелі көрсеткіштерімен халықтың көңілінен шығуда. 

Бүгін «Құқықтық көмек» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев  бастаған Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы, Тұран аудандық прокуратурасы, қалалық Әділет департаменті, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ филиалы, Zangerler Palatasi және білікті адвокаттар шымкенттіктерге құқықтық мәселелер бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға жазылған тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңестер беріліп, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Келушілердің арасында алаяққа алданған, қарызға белшеден батқан, алимент ала алмаған, баспана, жер дауын көтерген азаматтар да болды. Сондай-ақ, зейнетақы мен жәрдемақы, несие, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша тұрғындырдар құқықтық кеңес алды.

 

Оқылды 241 рет