Жұма, 26 Маусым 2026 16:56

Отырар ауданында «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жастар турнирі өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Жастар ресурстық орталығының бірлескен «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жастар жобасы Отырар ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Бауыржанұлы Қадыров, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, жастарға сәттілік тілеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында жастармен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дропперліктің қауіптілігі, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Жоба аясында өткен спорттық жарыстар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға бағытталды. Турнир қорытындысы бойынша Есен Батырхан, Талғат Айбек пен Медеубек Болатбек облыстық финалдық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздарды аудан әкімдігі шын жүректен құттықтап, алдағы финалдық кезеңде аудан намысын абыроймен қорғап, биік белестерді бағындыруларына тілектестігін білдірді.

«Заң мен тәртіп» – бұл жай ғана мемлекеттік ұстаным емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалады. Ал тәртіп орныққан ортада қоғамдық келісім нығайып, адамдардың болашаққа деген сенімі артады. Қай кезеңде болмасын елдің қуаты оның табиғи байлығымен ғана емес, азаматтарының заңға деген құрметімен өлшенген. Өйткені заңды сыйлау – мемлекетті сыйлау, ал қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ жауапкершілікті сезінудің айқын көрінісі. Әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана қауіпсіз әрі дамыған қоғам қалыптасады.

Бүгінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы азаматтық мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр. Бұл қағидат жастардың бойында жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастырып, құқықтық сананың нығаюына ықпал етеді. Заңға бағыну қорқыныштан емес, саналы түсінік пен ішкі мәдениеттен туындағанда ғана қоғамда шынайы тәртіп орнығады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – әр адамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Өйткені заңға құрмет көрсетілген жерде әділет салтанат құрып, тәртіп орныққан жерде елдің болашағы жарқын болмақ. Бұл – қауіпсіз қоғам мен қуатты мемлекеттің басты кепілі.

«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» идеологиясының басты мақсаты – қоғамда заңды қатаң сақтау және құқықтық нигилизмді жою мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылғы Конституцияның Кіріспесінде бұл қағидат мемлекеттің іргелі ұстанымы ретінде бекітіліп, «Қазақстанның біртұтас халқы» Әділетті Қазақстан идеясын ұстанатыны нақтыланды. Конституцияның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл – заң алдындағы теңдік пен жауапкершіліктің жалпыға бірдейлігін білдіреді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл идеология мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» танытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Қазақстанда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Бұл құжат қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленген іс-қимыл жоспары – бұл нақты қадамдар мен шаралардың жиынтығы, ол мемлекет, қоғам және әрбір азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға септігін тигізеді.

Іс-қимыл жоспарының басты мақсаты – қоғамда заң үстемдігін орнату және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Ол мынадай бағыттарды қамтиды:

Құқықтық білім беру: Мектептерде, жоғары оқу орындарында және жұмыс орындарында заң туралы білімді насихаттау.

Ақпараттық науқандар: Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы заң мен тәртіптің маңыздылығын түсіндіру.

Әділет органдарының тиімділігін арттыру: Халықпен ашық диалог орнату және сенімді нығайту.

Жастармен жұмыс: Деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы тұру және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Әлеуметтік желілердің рөлі

Әлеуметтік желілер – қазіргі замандағы ақпарат таратудың ең тиімді құралы. Жосп араясында әлеуметтік желілерде мынадай шаралар жүзеге асырылады:

Білім беру контент: Заңдарды қарапайым тілмен түсіндіретін бейнероликтер, инфографика және посттар.

Интерактивті науқандар: Викториналар, челлендждер және заң тақырыбындағы онлайн-талқылаулар.

Жастарға бағытталған жобалар: TikTok, Instagram және YouTube платформаларында креативті контент әзірлеу.

Қоғамдық пікірді зерттеу: Әлеуметтік желілерде сауалнамалар жүргізу арқылы халықтың заң мен тәртіпке қатысты ұстанымдарын талдау.

Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының орнығуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Азаматтардың заңды құрметтеуі және оны сақтауы қылмыстың азаюына, қоғамдық сенімнің артуына және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұл жоспар әрбір қазақстандықтың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және оларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 61 рет