Сәрсенбі, 24 Маусым 2026 13:20

Созақ ауданы: ведомствоаралық комиссия отырысында өзекті мәселелер талқыланды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен терроризмге қарсы, құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, төтенше жағдайлар бөлімі, құзырлы мекемелердің басшылары, сондай-ақ ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Дәуіржан Абраев және мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы, комиссия хатшысы Ұлжан Шекеева баяндама жасады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы құқық бұзушылықтардың, алаяқтық қылмыстарының, оның ішінде интернет алаяқтығының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерман Нұрәділ хабарлама жасады. Жиында сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекеттік мекемелерде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері де қаралды.

Жиын барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы күн тәртібіндегі әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жіті назарға алды. Көрсеткіштер мен цифрларға ғана сүйенбей, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүйелі жүргізу, мемлекеттік қызметте заңдылық пен ашықтық қағидаттарын қатаң сақтау, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарына уақытылы әрі сапалы жауап беру қажеттігін ерекше атап өтті. Жауапты сала жетекшілеріне қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың маңызды міндеті. Заң талаптарын сақтау, өзара құрмет көрсету және қоғамдық орындарда мәдениетті мінез-құлық таныту қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілі болып табылады. Қоғамдық тәртіптің сақталуы азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің қалыптасуына ықпал етеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Созақ ауданында полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда тұрақты түрде патрульдік қызмет атқарып, профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологиялар, бейнебақылау жүйелері және жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері кеңінен қолданылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде. Құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде азаматтардың қолдауына үлкен мән береді. Сондықтан тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбауға, сондай-ақ күмәнді немесе құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда полиция органдарына дереу хабарлауға шақырамыз. Қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ міндет. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға болады.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 48 рет