Сәрсенбі, 24 Маусым 2026 17:02

Созақ ауданында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті

Аудандық орталық кітапханада Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара аясында құқық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері бас қосып, «Созақ сақшылары» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар сала қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасының, аудан прокурорының Алғыс хаттарымен полиция қызметкерлері марапатталды. Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов ізгі тілегін арнап, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаровтың бұйрығымен бірнеше қызметкерге кезекті арнаулы атақтар табыстады.

Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерін тәрбиелеп өсірген ата-аналар да назардан тыс қалмай, арнайы марапаттарға ие болды. Сондай-ақ Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының Алғыс хаттарымен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Созақ аудандық бөлімінің бастығы Даулет Тастанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау лебіздерін білдірді. Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының Алғыс хаттарымен де сала үздіктері марапатталды. Шара аясында ақын, жазушы, халықаралық «Алтын қалам» сыйлығының иегері Мақсат Жеңісұлының «Созақ сақшылары» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, полиция қызметкерлеріне арналған патриоттық әндер орындалды.

Осы тұста Қазақстан полициясының құрылу тарихына шолу жасай кетсек.1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі полицияның қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болып табылатын «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. 2007 жылы 5 маусымда ҚР сол тұстағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды – Полиция күні деп бекіткен болатын. Содан бері әр жылы осы күн полиция күні ретінде аталып өтіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: «Ең өзекті міндеттердің бірі – құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау болып отыр. Мемлекеттік күштік құралы ретіндегі полиция бейнесі біртіндеп өткеннің еншісіне кетіп, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады. Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді»,- деген болатын.

Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.

Полиция – қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, азаматтардың өмірі мен мүлікінің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін орган. Ол толыққанды мемлекеттіктің бір белгісі. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз.

Азаматтардың қауіпсіздігін күзететін кез-келген адам, айтқандай, жауынгерлік қапталда ерекше икемді және жауапкершілікті болуы керек, өйткені тек тәртіп қана емес, сонымен қатар жұмыс орнындағы азаматтар мен әріптестердің өмірі де оның айқын және сенімді әрекеттеріне байланысты. Жұрттың бәрі бірдей полиция қызметкері бола алмайды. Бұл мамандық үшін ерекше мінез, ұқыптылық, шыдамдылық, сабырлылық, мейірімділік болуы керек; сонымен бірге – беріктік, тез шешім қабылдай білу, үлкен жауапкершілік сезіміне ие болу қажет. Бұл, әрине, өз жұмысына шын жүректен берілген адам, осы кәсіптің маңыздылығы мен қиындығын түсінетін, қауіп-қатерден, қиындықтардан қорықпайтын, бүкіл өмірін адамдарға арнауға келісетін және өз өмірін тәуекел етумен жұмыс істейтін адам болуы керек.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 43 рет