Форумға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Берік Нышанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймурзаев және Жастар ресурстық орталығының басшысы Айсұлтан Оралхан және бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, аудан жастары мен мектеп оқушылары қатысты. Жиынның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды уақыттарын тиімді пайдалануға, биік мақсаттар қойып, сол жолда табанды еңбек етуге және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Форум барысында сала мамандары өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, жастарға есірткінің зардаптары, оның заңсыз айналымына қатысты құқықтық жауапкершілік және нашақорлықтың алдын алу жолдары жөнінде кеңінен түсіндірді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы есірткі қылмыстарының алдын алу, құқық бұзушылықтар үшін заңнамада көзделген жауапкершілік мәселелеріне тоқталып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ форумда жас ұрпақ тәрбиесі, тарихи тағылым, рухани құндылықтар және салауатты өмір салтын ұстану мәселелері қозғалып, қатысушылар арасында ашық пікір алмасу өтті. Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Отырар ауданында ұйымдастырылған нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 10 күндік профилактикалық іс-шаралар өз мәресіне жетті.
Онкүндік барысында аудан мектептерінде, колледждерде және жоғары оқу орындарында құқықтық дәрістер, интерактивті сабақтар, психологиялық тренингтер, спорттық жарыстар мен ата-аналар жиналыстары өткізілді. Сонымен қатар еріктілер мен жауапты мекеме өкілдерінің қатысуымен есірткі жарнамалары мен граффитилерді анықтап, жоюға бағытталған «Есірткі жарнамасына жол жоқ!» акциясы ұйымдастырылды. Күнделікті анонимді сауалнамалар жүргізіліп, жастар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Осылайша, он күн бойы жалғасқан ауқымды профилактикалық жұмыстар «Есірткісіз болашақ» қорытынды форумымен түйінделді. Нашақорлықпен күрес – тек жекелеген мекемелердің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін есірткісіз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат