Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 22:51

Түркістан облысы: Шардарада медиация күніне орай ашық есік күні өтті

Медиация күніне орай Шардара ауданында ашық есік күні өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға заң қызметкерлері мен ардагерлер қатысып ой-пікірлерімен бөлісті.

Медиатор - тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес.  Бітімгердің функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиаторлардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби маман болса, ал енді бірі  олай емес. Заңда көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес негізде де жүзеге асыра алады. Ол үшін жоғары білімі мен жасының 25-тен асуы шарт.

«Бүгінгі таңда ауданда 16 медиатор бар. Бұл медиаторлар кешегі Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды бимен шешендердің заңды жалғасы. Ел арасында түрлі дау-жанжал, келіспеушіліктер болып жатады. Аудандағы медиаторлар осы екі тарапты сотқа жеткізбей, бір-бірін татуластырып отыр» - дейді   Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Қалшабекова.

Шардара ауданында ресми 16 медиатор тіркелген. Олар әрбір заң бұзушылықты бақылап, оларды қайта болдырмау үшін, азаматтардың ішінде бір-біріне деген араздастықтың алдын алып, жұмыс істеуде. Басқосу барысында  көптің көкейінде жүрген сауалды Гүлбану Машқалова ортаға салды. Ол алаяақтардың халықты алдауын тоқтатпайтындығын айтып, бұл ретте, құқық қорғау саласының мамандары тиімді жұмыс істеу керектігін айтты. Акция соңында аудан көлемінде белсенді қызмет атқарған бірқатар медиаторлар марапатталды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 989 рет