Сейсенбі, 12 Қараша 2019 18:39

Жетісай көшелеріне манекен орнатыла бастады

Жетісай ауданындағы мектептердің маңына арнайы манекендер орнатыла бастады.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтің, аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларының қатысуымен аудан мектептерінің маңына оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2 жол патрулдік полиция автокөлігі мен 5 мектеп оқушыларының бейнесі бейнеленген арнайы манекендер орнатылды. Тәуліктің барлық уақытында жоғары жылдамдықпен жүйіткитін автокөліктер толастамайтын Жетісай-Шымкент тас жолының бойы таңертеңгі және кешкі мезгілдерде мектепке баратын оқушылардың жолдан өтуіне аса қауіпті аймақ. Сондықтан да ауданға келген алғашқы манекендер осы қауіпті аймақтарға орналастырылды.

 «Бала – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіз жағдайда мектепке барып-келулеріне біздер бар жағдайды жасауымыз керек. Қазір ауданға 7 манекен келді. Жаңа жылға дейін тағы біразы келеді деп отырмыз. Барлық мектептердің алдында жолдан өту жолақтары бар, бұл манекендер қосымша орнатылып жатыр»,- дейді аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлы. Жыл соңына дейін ауданға күн сәулесінен қуат алып, түнде жанатын мұндай құрылғылардың тағы 19-ы келеді деп күтілуде. Оларды да аса қажет жерлерге орнатамыз деп отыр мамандар.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 704 рет